ТҮРКІСТАН: Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен өнер мектебі пайдалануға берілді

0
59

300 орындық «Өнер мектебі» мекемесінде балалардың музыкалық білім алуына, шығармашылығын шыңдауына барлық жағдай жасалған.


ТҮРКІСТАН: Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен өнер мектебі пайдалануға берілді

Түркістан облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен өнер мектебі пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылында музыкалық бағыттағы Өнер мектебі пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Бас Прокурордың орынбасары Ғабит Садырбеков пен Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, оқушылар мен ұстаздарды, тұрғындарды құттықтады.


– Өңірімізде әлеуметтік нысандар ашылып, ауылдың инфрақұрылымы жақсара түсуде. Солардың бірін бүшін ашудамыз. Бұл жаңа өнер мектебі ауданның рухани дамуына, жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға үлкен серпін беретіні айқын. Жаңа нысанның құрылысы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды. 870 миллион теңгеден астам қаржы халықтың игілігіне бағытталды. Бұл – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қайтарылған әрбір актив ел игілігіне жұмсалуы керек» деген ұстанымының нақты орындалуы, – деді Зұлпыхар Жолдасов.


2025 жылдың сәуір айында басталған құрылыс желтоқсан айында толық аяқталып, өнерге құштар балалар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. 300 орындық «Өнер мектебі» мекемесінде балалардың музыкалық білім алуына, шығармашылығын шыңдауына барлық жағдай жасалған. Музыка ғимаратында мәдени іс-шараларды өткізуге арналған 150 орындық зал бар. Сонымен бірге кітапхана, топтық жаттығу, ұлттық сапаптар, гитара, фортепиано сабақтарына арналған бөлмелермен және музыкалық аспаптар бөлмесімен қамтылған. Екінші қабатында дыбыс жазу студиясы, хор үйірмесі және музыкалық үйірмелер, халық аспаптар бөлмесі, сахна, сахналық жабдықтар қоймасы орналасқан.


Бұл жаңа ғимарат – 1974 жылы салынған, санитарлық талаптарға сай келмейтін, апатты жағдайда жұмыс істеген ескі мектептің орнына тұрғызылды. Соңғы жылдары ескі ғимаратта 400-ден астам бала білім алып, бұл көрсеткіш оның жобалық қуатынан 2-3 есе асып кеткен еді, ал 45 мұғалім тар, суық, ескірген бөлмелерде жұмыс істеп келген. Енді бұл мәселе толық шешіліп отыр.


Темірландағы жаңа музыка мектебі – ауылдың мәдени өмірін жаңғыртып, жаңа таланттардың өсіп шығуына жол ашатын ерекше жоба. Балалар енді музыка мен хореографияны заманауи студияларда, кең әрі жарық кабинеттерде меңгеріп, шығармашылық қабілеттерін еркін дамыта алады. Бұл – мемлекетке қайтарылған активтердің қоғам үшін нақты пайдаға айналуының жарқын мысалы.


Айта кетейік, елімізде заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл қаражат еліміздегі жүздеген әлеуметтік нысан құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына бағытталған. Ал осы қор арқылы Түркістан облысында 30-ға жуық нысан мен жоба қаржыландырылуда. Оның ішінде елді мекендерді ауыз сумен қамту, бір медициналық нысанды күрделі жөндеуден өткізу және өзге де жобалар бар.

Бөлісу