ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік грант және жеңілдетілген несие алушылар саны көбейеді

0
739

112 мыңнан аса азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр.


ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік грант және жеңілдетілген несие алушылар саны көбейеді

Биыл Түркістан облысында 35 жасқа толмаған 594 тұрғынға 2,5 пайызбен 5 млн. теңгеге дейін несие беру жоспарланған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 2023 жылы 35 жасқа толмаған 594 тұрғынға 2,5 пайызбен 5 млн. теңгеге дейін несие беру жоспарланған. Осы орайда конкурсқа 900-ден аса жоба ұсынылып, 583 адамның жобасы мақұлданса, 519-ына 2 467,4 млн. теңге қаржы аударылған. Одан бөлек облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Ақмарал Жолаева басқаратын «Еңбек мобильділігі орталығы» арнайы ғимарат қарастырып, «Оқу орталығының» жұмыс істеу концепциясын әзірлеп жатыр екен. Бұл орталық сыртқы еңбек көші-қоны жұмыстарын жүргізу, инвестициялық жобаларды іске асыру аясында жұмыс күшін даярлауға көмектесу және ішкі көші-қон процесстерін реттеу секілді бағыттар бойынша қызмет көрсететін болады.


«Сонымен қатар, оқу орталығында облыста іске асырылатын инвестициялық жобаларға қажетті мамандарды қысқа мерзімдік оқытудан өткізу жұмысы жүргізіледі. Мәселен, облыс әкімдігі мен «UBC Group» ЖШС арасындағы меморандум шеңберінде салқындатқыш құрал-жабдықтарын өндіретін зауыт салынбақ. Осы ретте құрылыс пен өндіріске жергілікті азаматтарды жұмысқа тарту жоспарланған. Бірінші кезеңде 400 адамды қабылдау белгіленді. Осы орайда қазір үміткерлердің тізімін жасақтау, іріктеуден өткен үміткерлерге жолдама беру, өндіріс базасында кәсіби дағдылар мен оқытудан өткізу жұмыстарына дайындық шаралары жүргізілуде. Жалпы 2024 жылы жүзеге асырылуы жоспарланған 77 инвестициялық жоба аясында 4472 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Өз кезегінде еңбек мобильділігі орталығы инвесторлар және жұмыс берушілермен меморандум түзу арқылы қажетті мамандарды кәсіби даярлықтан және бағдарлау курстарынан өткізіп, жұмыспен қамтуға бағытталған нақты шаралар қабылдайтын болады», - деді Ақмарал Пернебекқызы.


Келер жылы 112 мыңнан аса азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Оның 71 мыңнан астамы тұрақты, 5 мыңы ұлттық жобалар аясында құрылатын жаңа және 34 мыңға жуығы субсидияланатын жұмыс орындарына жолданбақ. Сонымен бірге 1751 азаматқа бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін грант тағайындалса, жастар санатындағы 612 азаматқа жеңілдетілген несие беру жоспарланған.