Түркістан мен Ташкент облыстары жаңа серіктестік кезеңіне қадам басты

0
86

Маңызды іскерлік диалог алаңынада екі өңірден 200-ге жуық кәсіпкер мен инвестор бас қосты.


Түркістан мен Ташкент облыстары жаңа серіктестік кезеңіне қадам басты

Түркістан мен Ташкент облыстары жаңа серіктестік кезеңіне қадам басты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында Түркістан және Ташкент облыстары кәсіпкерлерінің қатысуымен «Шекарасыз ынтымақтастық» тақырыбындағы халықаралық бизнес-форум өз жұмысын бастады. Ауқымды іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және бизнес-делегация қатысып, өңіраралық сауда-экономикалық, инвестициялық және туристік ынтымақтастықты нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды. Маңызды іскерлік диалог алаңынада екі өңірден 200-ге жуық кәсіпкер мен инвестор бас қосты.

Форум барысында Ташкент облысының хокимі Зойир Мирзаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, көршілес екі өңір арасындағы достық қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар шара аясында екі облыстың инвестициялық әлеуеті таныстырылды.

Ташкент облысының хокимі өз сөзінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тарихи достық пен стратегиялық әріптестіктің нақты нәтижелер беріп отырғанын атап өтті.

– Қазақстан мен Өзбекстан президенттері екі бауырлас халықтың ынтымақтастығын нығайтуға зор үлес қосып келеді. Халықтарымыздың ортақ тарихы мен рухани байланыстарына негізделген қарым-қатынастар бүгінде берік әрі үйлесімді сипатқа ие. Біз ежелден өзара сыйластығы жарасқан бауырлас халықпыз. Бүгінгі кездесу өңірлеріміз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және экономикалық өсімнің жаңа бағыттарын дамытуға дайынбыз, – деді Ташкент облысының хокимі Зойир Мирзаев.

Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров форумның өңіраралық ынтымақтастықты дамытудағы маңыздылығына тоқталды.

– Бүгінгі форум – достықты, тату көршілік қарым-қатынасты және өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңы. Қазақстан мен Өзбекстанды ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи, мәдени және рухани байланыстар біріктіреді. Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің саяси ерік-жігерінің арқасында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан мен Өзбекстан – тұрақты даму жолында бірге келе жатқан сенімді одақтастар. Бұл үдерісте шекаралас өңірлерге ерекше рөл жүктеледі.

Түркістан облысы өзара тиімді ынтымақтастыққа ашық және инвесторларға ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай ұсынуға дайын.

Қадірлі достар, бүгінгі форум – тек пікір алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар бизнес қауымдастықтар арасында тікелей байланыс орнатуға, жаңа серіктестер табуға және перспективалы бастамаларды іске қосуға мүмкіндік беретін нақты алаң.

Менімен бірге Түркістан облысының кәсіпкерлерінен құралған өкілді бизнес-делегация келді. Олар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, тікелей іскерлік байланыстар орнатуға және Ташкент облысындағы серіктестермен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі.

Форум қорытындылары екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін беріп, іскерлік байланыстарды нығайтып, кәсіпкерлеріміз үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін.

Барлық қатысушыларға жемісті жұмыс, табысты келіссөздер, жаңа жобалар және өзара тиімді серіктестік тілеймін, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі, тамақ өндірісі, туризм, логистика және шағын бизнес салаларында қарқынды дамып келеді. Бүгінде өңірде жалпы инвестиция көлемі 6 миллиард АҚШ долларын құрайтын 122 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Қазіргі таңда Түркістан облысында өзбек капиталының қатысуымен бірқатар жобалар табысты іске асырылып жатыр. Олардың қатарында 10 мың басқа арналған ет комбинаты мен бордақылау алаңы, тамшылатып суару жүйелерін өндіретін зауыт және күнбағыс майын шығаратын кәсіпорын бар.

Облыс әкімі Түркістан өңірінде инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті. Қазіргі таңда жалпы аумағы 1 960 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ пен көлемі 1 400 гектар болатын арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Аталған аймақтар инженерлік инфрақұрылыммен қамтылып, салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар, инвесторларға дайын өндірістік ғимараттарды жалға алу немесе жеңілдетілген шарттармен сатып алу мүмкіндігі ұсынылады.

Форум барысында Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері басшыларының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы жобасының маңыздылығы да атап өтілді. Бұл жоба Түркістан мен Ташкент облыстары арасындағы экономикалық байланысты нығайтатын стратегиялық алаң ретінде бағаланды.

Іс-шарада Түркістан облысындағы индустриялық аймақтар мен өндірістік парктердің мүмкіндіктері таныстырылып, Өзбекстандағы «Ангрен» арнайы экономикалық аймағының әлеуеті туралы мәлімет берілді. Түркістан облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Н.Мырзахметов өндірістік парктердің артықшылықтарына тоқталды.

Форумда туризм саласындағы әріптестікті дамыту мәселелері де кеңінен қаралды. Ташкент және Түркістан облыстары арасындағы туристік байланыстарды дамыту жөнінде Д.Бабаджанов баяндама жасап, екі өңірдің туристік бағыттарын бірлесіп дамыту бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

Ал «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының бас директоры А. Абубакиров Түркістан облысының туристік әлеуетін таныстырып, тарихи-мәдени мұралар мен жаңа туристік жобалар туралы баяндады.

Форум қорытындысы бойынша тараптар өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, іскерлік байланыстарды нығайтуға және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға уағдаласты.

Бөлісу