ТҮРКІСТАН: Мыңнан астам шаруа қожалығы су үнемдеу әдісіне көшті

0
122

Бүгінге дейін су қоймасынан 448,3 млн текше метр су босатылған.


ТҮРКІСТАН: Мыңнан астам шаруа қожалығы су үнемдеу әдісіне көшті

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірде суғару маусымының атқарылуы мен туындаған өзекті мәселелер бойынша мәжіліс өткізіп, жауаптылардың есебін тыңдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шардара су қоймасынан Шардара, Отырыр, Арыс аудандарының 74,7 мың гектар жері суғарылады. Бүгінге дейін су қоймасынан 448,3 млн текше метр су босатылған.

«Достық» магистральді каналы Мақтаарал мен Жетісай аудандарының шаруаларын ағын сумен қамтамасыз етеді. Каналдан жіберілген су мөлшері 484,5 млн текше метрді құраған.

«Зах», «Ханым», «Үлкен Келес» су арналары арқылы Қазығұрт, Сарыағаш, Келес аудандарынан 4251 шаруа қожалығына ағын су жеткізілуде.

Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Досхан Лесов вегетациялық кезеңнің қалыпты деңгейде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Аудандарда кезектілік кестесі түзіліп, су босату жоспарға сай жүзеге асуда.

Басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Әлібек Плалов су үнемдеу технологиясын ендіруге ниетті шаруаларға көрсетілген қолдаудың нәтижесінде қазіргі таңда 1083 шаруа қожалығының алқабы жаңа технологиямен суғарыла бастағанын атап өтті. Тағы 328 шаруа қожалығы құжаттарын рәсімдеп, кәсіпорындармен келісімшарт түзуде. Шаруалар тамшылатып суғару жүйесіне басымдық беруде.

Нұрбол Тұрашбеков көтерілген өзекті мәселелерді зерделей келе, мамандармен шешу жолдарын талқылады. Тапсырмалар беріліп, орындалу мерзімі нақтыланды.

– Су тұтыну шарттарының сақталуына бақылауды күшейтіңіздер. Кезегін күткен шаруаларға су мерзімінде жетуі керек. Қателікке жол бермеңіздер, – деп ескертті облыс әкімінің орынбасары.

Жалпы облыстағы су үнемдеу технологиясын 164 мың гектарға енгізу жоспарланып отыр. 2025 жылы бұл көрсеткіш 114 мың гектарды құраған.

Бөлісу