​ТҮРКІСТАН: «Nur Otan» елдің мәселесін онлайнмен оңтайлы шешуге кірісті

0
780

16 наурыз бен 20 сәуір аралығында партия филиалына 3 мыңға жуық өтініш келіп түсті.


​ТҮРКІСТАН: «Nur Otan» елдің мәселесін онлайнмен оңтайлы шешуге кірісті

Бүгін «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы өңір тұрғындарына арнап, тікелей эфир арқылы қоғамдық қабылдау ұйымдастырды, деп хабарайды ERNUR.KZ.

Партия филиалының фейсбук және инстаграмм әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында жұртшылық мемлекет және облыс әкімдіктері тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер мен партияның «Біз біргеміз!» акциясы туралы мағлұмат алып, өздерін мазалаған сұрақтарын қойды.

Олардың сауалдарына «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметттік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мен Түркістан облысы бойынша "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ филиалы директорының м.а. Дәурен Байырбеков жауап берді.

20 сәуірде партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б. Тәжібаев өзі тікелей эфир өткізіп, оны 1500-ден астам адам көріп, 100-ден астам сұрақ жолданған болатын. Тұрғындардың өтініштері назарға алынып, бірқатарына жауап берілді. Әсіресе, 42500 теңгені алу, әлеуметтік көмектерге қатысты сұрақтар көп болды. Соған байланысты партия филиалы осы салаға жауапты мекемелердің басшыларын арнайы шақырып, тұрғындармен онлайн жүздестірді.

Бүгінгі эфир барысында партия филиалының ресми фейсбук, инстаграмм парақшалары мен аккаунтына 200-ден астам сұрақ қойылып, 70-тен астам желі қолданушысы өз парақшаларына бөлісті. Эфирді 2 мыңға жуық адам тамашалап, мағлұмат алды. Сұрақтардың басым бөлігі мемлекет тарапынан берілетін әлуеметтік көмектер, 42500 жәрдемақысы және «Біз біргеміз!» акциясы аясындағы азық-түлік және 50 мың теңге көмектері туралы болды. Атаулы әлеуметтік көмек алу, жәрдемақыларға құжат тапсыру мәселелері бойынша да шағымдар болды. Спикерлер тұрғындардың сұрақтарына сол мезетте жауап берсе, бірқатарының мәліметі алынып, тиісті жұмыс жүргізіледі. Тұрғындар онлайн қоғамдық қабылдау өткізуге мұрындық болған партия филиалына ризашылықтарын білдірді. Көмек алып үлгерген азаматтар да алғыстарын айтып жатты.

Жалпы Түркістан облысында ел Президентінің тапсырмасы бойынша тағайындалған 42500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны 430 мыңнан астам тұрғын алып үлгерген. Бірқатары енді алмақ. 2020 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша 1-6 жас аралығындағы 25 125 балаға азық-түлік және гигиеналық топтамасы берілді. Жалпы облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 19,8 мың отбасы немесе 111,9 мың адамды құраған.
Ал «Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз!» акциясы бойынша 8236 отбасыға азық-түлік жеткізілген. Бұл ретте өңірдің кәсіпкерлері мен мәслихат депутаттары, ерікті жастар, аудан әкімдіктері, «жасотандықтар» және партия өкілдері айрықша белсенділік танытуда. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы Түркістан қаласының 4903 тұрғынына 50 мың теңгеден аударылған.

16 наурыз бен 20 сәуір аралығында партия филиалына 3 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Оның 1772-сі оңтайлы шешілді. Партияның ресми парақшалары мен қоғамдық қабылдау бөлмелері тұрғындардың талап-тілектерін онлайн түрде қабылдап жатыр. Алдағы уақытта «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалының ресми парақшаларында тұрғындар тарапынан сұрақ көп түсетін басқарма басшылары шақырылып, олар онлайн қоғамдық қабылдау өткізіп тұрады деген жоспар бар.