Жауапты сала басшыларына көтерілген мәселелерді зерделеп, заң аясында шешуді тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков тұрғындарды жеке қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Ашық әкімдік» кеңсесінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өзі жетекшілік ететін салалар бойынша тұрғындарды жеке қабылдады. Өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, шешу жолдарын қарастырды.
Қабылдауға Түркістан қаласының, Жетісай, Шардара аудандарының тұрғындары келді. Азаматтар жеңілдетілген несие мен субсидия алу мәселелерін көтерді. Сонымен қатар жер, ауыл шаруашылығы, ветеринария саласына қатысты түйткілдерді ортаға салып, ұсыныстар айтты. Мәселен, шардаралық тұрғын қытайлық мақта шитін алуға субсидия қарастыруды сұрады. Облыс әкімінің орынбасары мақта шаруашылығы бойынша шаруалармен кездесу өткізу жоспарланғанын айтып, көмек қарастырылатынын жеткізді. Жетісайлық шаруа мал басын көбейтуге жеңілдетілген несие алуға ниетін білдірді. Өтініш иесіне кепілсіз несие берілмейтіні айтылып, заңдылықтары түсіндірілді.
Азаматтардың өтініш-талаптарын мұқият тыңдаған Нұрбол Тұрашбеков жауапты сала басшыларына көтерілген мәселелерді зерделеп, заң аясында шешуді тапсырды.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі мен оның орынбасарлары бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде жеке қабылдау өткізуде. Жеке қабылдауға eOtinish бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазылуға болады.