ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі құрылыс созылған нысандарды сынға алды

0
588

Әрбір құрылысы кешіккен нысанның артында елдің мәселесі тұрғанын естен шығармайық – ДАРХАН САТЫБАЛДЫ


ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі құрылыс созылған нысандарды сынға алды

Түркістан облысының әкімі өзекті мәселелері бар инфрақұрылым нысандары мен ғимараттардың жай-күйімен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Созақ ауданына жұмыс сапарымен барып, өзекті мәселелері бар инфрақұрылым нысандары мен ғимараттардың жай-күйімен танысты. Алдымен Шолаққорғандағы Созақ аудандық орталық ауруханасының ғимаратын көрді. Нысан 2009 жылы пайдалануға берілген. Кәріз және жылу жүйесіне 2021 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аудандық орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары қажет.


Жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Сондай-ақ аурухананы қосымша электр желісімен қамтамасыз етуді қажет. Өңір басшысы жауаптыларға мәселені бақылауда ұстауды тапсырды. Жастарды ауыл аурухаларына жұмысқа тарту мәселесіне басымдық беру керектігін айтты.


Одан кейін облыс әкімі АГТС бар магистральды газ құбырының құрылысымен танысты. Шолаққорған ауылдық округі мен Жеткіншек елді мекенін «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету мақсаты көзделген нысанның құрылысы 2018 жылы басталған. 2019 жылдан осы уақытқа дейін 3 615 974,0 мың теңге игерілген. Биыл АГТС қондырғыларын орнатып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын толық аяқтау үшін қаражат қажет.


«Өңірде құрылысы бірнеше жылға созылып келе жатқан нысандар бар. Бұл мәселеге нүкте қоятын кез келді. Енді мұндай кемшілікке жол берілмеуі тиіс. Қаржысы бөлінсе, жер анықталса, мердігер жұмысты уақытында аяқтауы керек. Әрбір кешіккен құрылыстың артында елдің мәселесі тұрғанын естен шығармайық»,– деген Дархан Сатыбалды аудан әкімі мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді.


Созақтағы АГТС бар магистральды газ құбырын толық аяқтауға қолдау көрсетіледі. Газ құбырының ұзындығы 200 мың метрден асады. Жалпы бүгінде Шолаққорған елдімекенінде 20 мыңға жуық халық тұрады.