ТҮРКІСТАН: Облыс әкімінің орынбасары азаматтардың жеке мәселелерін тыңдады

0
77

Қабылдауға келген тұрғындар жер, салық, экология салаларына қатысты мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді.


ТҮРКІСТАН: Облыс әкімінің орынбасары азаматтардың жеке мәселелерін тыңдады

Түркістан облысы әкімінің орынбасары азаматтардың жеке мәселелерін тыңдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында жергілікті тұрғындарды жеке қабылдау кестеге сәйкес тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков азаматтарды кезекті рет жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініш-талаптарын тыңдады.


Қабылдауға келген тұрғындар жер, салық, экология салаларына қатысты мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, онлайн байланыс арқылы қосылған азаматша экологиялық мәселелерді, оның ішінде, қалдықтарды шығаруға арналған арнайы техникалар алуға мемлекеттік жеңілдетілген несие қарастыру, заң талаптарына сай полигондар салу, ол үшін жер қарастыру сынды бірқатар мәселені ортаға салды. Кентау қаласының тұрғыны анасы қалдырған тұрғын үй салу мақсатындағы жерді өз атына рәсімдеу үшін көмек сұрады. Сайрамдық азамат жерге қатысты заңсыздықтар орын алғаны туралы шағымданса, Бәйдібек ауданынан келген азаматша ауыл шаруашылығын дамытуға алған субсидияның салығын төлей алмай жатқанын айтты.


Қоғамдық қабылдауда көтерілген өтініштердің бір бөлігі сол жерде тиісті сала басшыларының қатысуымен шешімін тапты. Ал күрделі және уақытты талап ететін мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріліп, бақылауға алынды.


Нұрбол Тұрашбеков әр азаматтың мәселесі назардан тыс қалмайтынын айтты. Әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізіп, мәселелер заң аясында шешімін табатынын атап өтті.


Азаматтарды қабылдау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

Бөлісу