Қала тұрғындарын кәріз жүйесімен толық қамту және кәріз су сорғы станциясының өнімділігін арттыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Кентаудағы маңызды нысандарды аралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Кентау қаласына арнайы іссапармен барып, бірқатар нысандарды аралады.
Алдымен қаланың кіреберісінде орналасқан кәріз су тазалау станциясына барды. Қала тұрғындарын кәріз жүйесімен толық қамту және кәріз су сорғы станциясының өнімділігін арттыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жоба бойынша 40 га жер теліміне жаңа кәріз су тазарту станциясы орнатылады. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарын кәріз жүйесімен қамтуды ұлғайтады. Қала әкімі Жандос Тасовтың айтуынша, қала тұрғындарының 78,1%-ы кәріз жүйесімен қамтылған.
Іссапар барысында көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарымен танысты. Бүгінде Кентау қаласындағы 377 көпқабатты тұрғын үйдің 288-і толығымен жаңартылды. Сондай-ақ өткен жылы 38 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен қаржы қаралып, оның 25-інде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал қалған 13 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры ауыстырылды.
Одан бөлек, қаладағы Д.Қонаев даңғылын халықаралық әуежайға баратын айналма жолға қосу мақсатында реконструкциялау жобасымен танысты. Жоба іске асқан жағдайда Кентау қаласы тұрғындарының Түркістан әуежайына және әуежай тасжолы арқылы Шымкент қаласына қатынауына мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ Кентау – Шымкент қалалары аралығында қатынайтын көліктер айналма жол арқылы жүріп, нәтижесінде, КХ-190 Түркістан – Кентау тасжолындағы автокөліктердің саны азаяды.
Еске салайық, өткен жылы жаңадан көпқабатты тұрғын үйлер халық игілігіне берілген болатын. Сапары барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары үй құрылысын және «Салиха-Ана» сауда орталығынан өтетін арық жүйесінің жай-күйін тексерді. Сала мамандарына көктем айында су басу қаупі бар көшелерге салынып жатқан суағарлардың сапасын қадағалауды тапсырды.