ТҮРКІСТАН: Облыс әкімінің орынбасары нақты тапсырмалар берді

0
79

Жұмыс сапарының соңында аудан әкімдігінде арнайы жиын өткізіліп, зерделеу барысында анықталған кемшіліктер сараланды, оларды қысқа мерзімде жою жолдары қарастырылды.


ТҮРКІСТАН: Облыс әкімінің орынбасары нақты тапсырмалар берді

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Жетісай ауданына арнайы іссапармен барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданына арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев аудандағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралап, құрылыс жұмыстарының барысын, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын және жол-көлік саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты зерделеді.

Еркебұлан Әбілханұлының жұмыс сапары Жетісай қаласының аумағын кеңейту мақсатында бөлінген 80 гектар аумақта бой көтеріп жатқан арендалық тұрғын үйлердің құрылыс алаңынан басталды. Нысанда мердігер мекеме өкілдерімен және жауапты сала мамандарымен кездесіп, құрылыс сапасын басты назарда ұстау қажеттігін, жұмыстардың өндірістік кестеге сай уақытылы аяқталуын тапсырды. Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтап, құрылыс барысында барлық техникалық нормалардың орындалуын ескертті.

Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары күрделі жөндеуді қажет ететін Жетісай қаласындағы «Б.Момышұлы» және Асықата кентіндегі «Қайнар» мектеп-гимназияларының, қосалқы мектеп-интернатының жай-күйімен танысты. Жетісай қаласында салынып жатқан жаңа буынды дамыту орталығы мен Абай ауылдық округіндегі 200 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмыстары да назардан тыс қалмады. Әлеуметтік маңызы жоғары нысандарды аралау кезінде құрылыс қарқыны, сапасы және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мәселелері кеңінен талқыланып, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.

Жұмыс сапарының соңында аудан әкімдігінде арнайы жиын өткізіліп, зерделеу барысында анықталған кемшіліктер сараланды, оларды қысқа мерзімде жою жолдары қарастырылды. Сондай-ақ аудандағы құрылыс саласын дамыту, инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыру, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар пысықталды. Мәжіліс барысында облыс әкімінің орынбасары жауапты басқармалар мен ауданның сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалу мерзімдерін белгіледі.

Бөлісу