Кәсіп бастаймын деген азаматтарға қолдау көрсетілетінін жеткізіп, мемлекеттік грант алу жолдарын түсіндірді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары тұрғындарды жеке қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров «Ашық әкімдік» кеңсесінде өңір тұрғындарын жеке қабылдады.
Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі кәсіпкерлік саласына қатысты мәселелер көтерді. Мысалы, Жетісай ауданының тұрғыны жобасын жүзеге асыру үшін ғимарат қарастыруды сұрап, мемлекеттік грант алу бойынша өтінішін жеткізді. Нұралхан Көшеров кәсіп бастаймын деген азаматтарға қолдау көрсетілетінін жеткізіп, мемлекеттік грант алу жолдарын түсіндірді.
Сонымен қатар жеке қабылдауда жерді жекеменшікке өткізу, жолдарды абаттандыру, карьер қазу, өтемақы алуға ықпал ету және өзге де мәселелер ортаға салынды. Түркістан қаласының тұрғындары мен Ордабасы, Сауран, Жетісай аудандарынан келген азаматтар өтініштері мен ұсыныстарын жеткізіп, сұрақтарына жауап алды.
Облыс әкімінің орынбасары көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын айтып, жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді.
Айта кетейік, облыс әкімі мен оның орынбасарлары бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде жеке қабылдау өткізеді.