ТҮРКІСТАН: Облыстық мәслихат депутаттары есеп берді

0
1 556

”AMANAT» өкілдері халықпен бірге екенін дәлелдеп келеді.


ТҮРКІСТАН: Облыстық мәслихат депутаттары есеп берді

Түркістан облысы мәлихатының депутаттары есеп берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


”AMANAT» партиясы елдік маңызы бар мәселелер мен жекелеген аумақтардағы халықтық мәні бар міндеттердің орындалуы бойынша ашық ұстаным білдіріп, нағыз халықтық ұйым екенін дәлелдеп келеді. Осы принципті бағдар етіп айқындаған партияның Түркістан облыстық филиалында партия атынан сайланған облыстық мәслихат депутаттары мен аудан, қалалық мәслихат төрағалары журналистер алдына шығып, партияның сайлауалды бағдарламасын орындауға қосқан үлесі, халық алдында берген уәделерінің іске асырылуы жөнінде мағлұмат береді.


Партия филиалының брифинг алаңына бүгін облыстық мәслихаттың депутаттары Мырзахан Бексұлтанұлы Манапов пен Жарқынбек Ережепұлы Қанаев шығып, депутаттық өкілеттіктерін атқару барысында партия айқындаған басымдықтардың іске асырылуына қосып жатқан үлестерін баяндады, халықтың сұранысы бойынша білдірген депутаттық үн қатулары жөнінде ақпар беріп, олардың жергілікті атқарушы органдар тарапынан орындалуы туралы мағлұмат берді.


Облыстық мәслихатқа Отырар ауданынан сайланған депутат Мырзахан Манапов Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы 9 айдың нәтижесімен жасалған қорытындыда Отырар ауданы 2 орынға жайғасқанын атап етті. Аудандағы өзекті мәселелерге қатысты 6 депутаттық сауал жолдап, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстағанын жеткізді. Отырар ауданында барлығы 40 мектеп жұмыс істеп тұрғанын, олардың 23-і – типтік үлгідегі ғимараттарға ие екенін жеткізген депутат аймақта үш ауысымды мектептер жоқ екенін атап өтті. Ауылшаруашылығы саласында қарқынды өсім бар екенін тілге тиек етіп, ағын су мәселесінде біршама қиындықтар кездескенін, оларды шешу бойынша тиісті мемлекеттік органдармен ықпалдастықта атқарылған жұмыстарды баяндады.


Облыстық мәслихаттың құрамына Мақтаарал ауданынан сайланған депутат Жарқынбек Ережепұлы Қанаев халықтан түсіп жатқан өтінімдердің 80 пайызға жуығы ағын су мәселесіне қатысты болып отырғанын айтты. Депутаттық корпустың ықпалымен коммуналдық меншіктегі су шаруашылықтарының қалыпты жұмыс істеуіне қосымша 330,1 млн. теңге бағытталғанын жеткізді. Бұл қаржы Сарыағаш ауданында «Шошым», «Үлкен Келес» магистралды каналдарын, Мақтаарал ауданында «К-20» каналын және Келес ауданында «Үш ағаш» каналын күрделі жөндеуден өткізуге жобалық сметалық құжаттамаларын әзірлеуге, Түлкібас ауданындағы «Ырғайлы-1», «Қаңлы», Шардара ауданындағы «4-К-2-9», «4-К-2-8» каналдарының күрделі жөндеу жұмыстарын толық аяқтауға сұратылғанын айтты.


Облыстық мәслихат депутаты ретінде Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінің, Бірлік ауылдық округіне қарасты Қоңырат, Қ.Пернебаев, Мақтажан, Шапағат елді мекендерінің бойына жарықтандыру және жаяу жүргіншілер жолын орнату ұсыныстарын білдіргенін атап өтті. Аудан аумағындағы мемлекеттік шекара аймағында «Сырдария» және «Целинный» кеден бекеттерінің ашылуына байланысты М-39 «Ташкент-Термез» республикалық маңызы бар автомобиль жолын жөндеуден өткізуге депутаттық сұраныс жолдағанын айтты. Аудан халқы сайлаған депутат мандаты шеңберінде көтерген өзекті мәселелердің қатарында Алғабас ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, аудан шаруаларының еңбекақысының уақтылы ала алмауы сынды өткір мәселелер болғандығын тілге тиек етіп, тиісті органдарға сұраныс жібергенін жеткізді.


Брифинг барысында журналистер депутаттарға өздері сайланған аудандар бойынша айқындалған мәселелер жөнінде сауал қойып, депутаттар тарапынан берілген толымды жауаптарын алды.