21 өзекті мәселе қаралып, бірқатар шешімдер қабылданды.
Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он жетінші сессиясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он жетінші сессиясы өтті. Алқалы жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты 21 өзекті мәселе қаралып, бірқатар шешімдер қабылданды. Сессия жұмысына облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық және аудандық мәслихаттардың төрағалары, облыстық басқарма басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілері қатысты. Жиынды облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қаралды. Сессияда облыс әкімдігінің және облыстық тексеру комиссиясының, Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының, Түркістан облысының ветеринария басқармасының есептері тыңдалды.
Сонымен қатар Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге берілген лицензиялар мен келісімшарттардың орындалу барысы жөнінде баяндама жасады. Бұл саладағы атқарылып жатқан жұмыстар мен кездесетін мәселелер бойынша депутаттар тарапынан бірқатар сын-ескертпелер мен ұсыныстар айтылды.
Мәслихат депутаттары өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, шешім жобаларына нақты ұсыныстар енгізді. Талқылау барысында жергілікті өзін-өзі басқару, бюджеттік жоспарлау, әлеуметтік инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығы салаларындағы түйткілдер де назардан тыс қалмады.
Сессия соңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, қабылданған шешімдердің Түркістан өңірінің алдағы дамуына оң серпін беретініне сенім білдірді. Сонымен бірге, депутаттардың өңірлік даму мәселелеріне деген белсенді көзқарасын атап өтіп, мәслихат жұмысына сәттілік тіледі.