Салаға 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында 58,2 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған.
Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешендерін дамыту бойынша республикада көш бастап тұр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді.
Спикердің сөзінше, биылғы жартыжылдықтың қорытындысымен жалпы ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 216,9 млрд. теңгені құрап, өсім 107,1%-ға жеткен. Салаға 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында 58,2 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылып, агроөнеркәсіптік кешендерді дамыту бойынша Түркістан облысы Республикада көш бастаған.
«Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2024 жылға республикалық бюджеттен 10,6 млрд. теңге қаражат бағытталып отыр. Жобаға 62 ауылдық округ пен 62 кооператив қатысады. Жалпы жобаны іске асыру нәтижесінде 1 215 жобаға қолдау көрсетіліп, 1 701 жұмыс орны құрылмақ. Сонымен қатар, биыл бағдарламаны электронды AMANATNESIE.KZ платформасы арқылы жүзеге асыру көзделуде. Қазігі таңда Республикалық бюджеттен 1 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр. Бұдан бөлек, биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 873 мың гектар аумаққа егілген. Республикада астықты ору науқаны Түркістан облысынан басталды. Бүгінде жоспарланған егіс көлемінің 248,2 мың гектары орылып, 624 мың тонна астық жиналды. Ал, өңірде жылыжайлар көлемі 1 640 гектарды құрайды. Бүгінгі күнге жылыжайлардан 152,4 мың тонна өнім шықты. Сондай-ақ, облыс мал шаруашылығын дамытуда елімізде жетекші орында. Республикадағы ірі қара мал санының 14 пайызы, қойдың 23 пайызы, жылқының 11 пайызы, түйенің 15 пайызы, өндірілген еттің 12 пайызы, сүттің 14 пайызы Түркістан облысының үлесінде. Ет экспорты бойынша да облыс республикада көш бастап келеді. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің үлесі 80% болса, ұсақ малдың 75%-ы облыстың еншісінде. Сондай-ақ, өңірде жалпы 9 183 бірлік ірі қара мал бордақылау алаңдары бар», - деді басқарма басшысы.
Айта кетсек, Түркістан облысында 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын 216,3 мың гектарға енгізу жоспарланған. Биыл алты ай көлемінде облыста 13,1 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілген. Оның ішінде, 8,1 мың гектарға тамшылатып суару, 5 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары орнатылған.