Облыста өнеркәсіптік жылыжайларды дамыту жұмысы қарқынды.
Түркістан облысында 2025 жылдың 11 айда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1 154,3 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 195 млрд теңгеге артып, республикада көш бастады. Ал агроөнеркәсіптік кешенге 214,4 млрд теңге инвестиция тартылып, үлесі 16,2%-ды құрады. Сонымен қатар биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егіліп, өткен жылдан 34 мың гектарға артты. Облыста өнеркәсіптік жылыжайларды дамыту жұмысы қарқынды. 2025 жылы жылыжайлар көлемі 75 гектарға ұлғайып, жалпы алаңы 1715 гектарға жетті. Нәтижесінде республикадағы үлесі 76 пайызға өсті. Жылыжайлардың бірінші айналымынан 102 мың тонна көкөніс жиналды. 2026 жылы көлемін қосымша 62 гектарға ұлғайтып, үлесін 80 пайызға жеткізу көзделген.
Жалпы, Түркістан облысы республика халқын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуде алдынғы қатарда. Өндірілген мақтаның 100 %-ы , жүзімнің 82 %-ы, бақшаның 75 %-ы, жеміс-жидектің 40 %-ы, көкөністің 30 %-ы, жүгерінің 27 %-ы облыстың үлесінде.
Сонымен қатар өңірде өсімдік шаруашылығының әлеуетін арттыру мақсатында озық технологияларды енгізу бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 мың гектар алқапқа енгізіліп, жалпы көлемі 114 мың гектарды құрады. Оның ішінде, тамшылатып суару 52,8 мың гектар болса, жаңбырлатып суару – 6,2 мың гектар. Мақта дақылы жаңа әдіспен 52,2 мың гектар алқапта егіліп, өнімділік екі есеге артты. Одан бөлек, күріш дақылы пилоттық негізде елімізде алғашқы рет тамшылатып суару технологиясымен Түркістан облысында егілді.
Айта кетейік, өңірдің агроөнеркәсіптік кешені саласында 2025-2027 жылдарға инвестициялық жобаларды іске асырудың Жол картасы бекітілді. Жол картасы аясында жалпы құны 295,5 млрд теңгеге 78 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 2025 жылы 31 жобаны жүзеге асыру көзделді. Нәтижесінде 60,8 млрд теңгеге 27 жоба іске асырылып, 1030 жаңа жұмыс орны құрылды. Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 355,5 млн АҚШ долларын құрап, 1,1 есеге артты.


