«Түркістан облысы Қазақстандағы туризм орталығына айналуы мүмкін» – ЮНЕСКО өкілі

0
657

Түркістан қаласының 3000 жылдығын айғақтайтын тұжырымдамаға тоқталды.


«Түркістан облысы Қазақстандағы туризм орталығына айналуы мүмкін» – ЮНЕСКО өкілі

Түркістан облысы әкімінің орынбасары ЮНЕСКО өкілі Криста Пиккатпен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының директоры, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы ЮНЕСКО өкілі Криста Пиккатпен кездесті. Әңгіме барысында тараптар екі жақты байланысты нығайта отырып, өңірдегі туризм саласын дамыту жайын ақылдасты. Кездесуде облыс әкімінің орынбасары туризм индустриясын дамыту мүмкіндіктері мен ғалымдар қол қойған Түркістан қаласының 3000 жылдығын айғақтайтын тұжырымдамаға тоқталды.


«Түркістан қаласының тарихы осыдан 3000 жыл бұрын басталғанын сарапшы ғалымдар дәлелдеді. Біз бұл жаңалықты өзіңізге жеткізген болатынбыз. Осы бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстар жалғасуда. Бұл тұжырымдама ЮНЕСКО Комитеті мүшелері тарапынан құжаттар мақұлданған бойда, індет аяқталса Түркістанның үш мыңжылдығы аталып өтіледі деп жоспарлануда», - деді Рашид Аюпов.


Өз кезегінде Криста Пиккат «Ұлы жібек жолының» бойында орналасқан Түркістан өлкесін Қазақстанның негізгі туристік ошағына айналдыруға болатынын айтты. Сондай-ақ, облыстағы зерттеуді қажет ететін тарихи орындардың құпиясын ашуға көмек көрсететіндіктерін жеткізді.


«Түркістан өңірінің ғажайып табиғаты ғажайып қорықты жерлері ежелден саяхат пен туризм ошағы саналады. Мен табиғи қорықтарды өзім аралап көрдім, ол жерлер өте әдемі. Осы бағыттар тұрғысында ынтымақтастықты қуана талқылай аламыз», - деді Криста Пиккат.


Айта кетейік, Түркістандағы барлық нысандар қатаң түрде ЮНЕСКО-ның келісімімен және бақылауымен салынуда. Оның бірден-бір дәлелі – бүгінгі кездесу. Халықаралық ұйым түркі әлемінің рухани астанасында жүргізіліп жатқан жұмыстарды жоғары бағалады.


Еске салсақ, Түркістан қаласы аумағында табылған тарихи жәдігерлердің қола дәуіріне жататынын растайтын тұжырымдамаға Америка, Әзірбайжан, Ресей, Өзбекстан және Қазақстан ғалымдары қол қойды.