Түркістан облысы құрылғалы егіс көлемі 12 мың гектарға артқан

0
1 035

Республикадағы үлесі 15%-ға жетіп, екінші орынды иемденген.


Түркістан облысы құрылғалы егіс көлемі 12 мың гектарға артқан

Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешені республикада ерекше орын алады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Еліміздегі ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің 12%-ы Түркістан облысына тиесілі. 2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 825,4 мың гектарға егіліп, облыс құрылғалы бері егіс көлемі 12 мың гектарға артып отыр. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді.

«2020 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша өңірдегі ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 140 млрд. теңгені құрап, республикадағы үлесі 15%-ға жетіп екінші орынды иемдендік. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімі өткен жылдан 77 млрд.теңгеге артып, 706 млрд.теңге көлемінде болады деп межеленген. Бүгінгі күнге өнім жинау науқаны басталып, 2,2 мың тонна бақша, 245,4 мың тонна көкөніс, 22,3 мың тонна картоп жиналды. Одан бөлек 727,2 мың тонна мал азығы дайындалды», - деді Нұрбек Бақтыбайұлы.

Айта кетсек, 2020 жылы облыс бойынша масақты дақылдардан 477,4 мың, дәндік жүгеріден 202,8 мың, мақсарыдан 74,4 мың, мақтадан 334,8 мың және көкөніс, бақша, картоптан 2 млн. 760 мың тонна өнім алу жоспарланған.

Сонымен қатар, өңірде тамшылатып суғару әдісі қосымша 1,7 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 19,3 мың гектарға жетті. Ал жылыжайлар 55,02 гектарға салынып, жалпы көлемі 1 168 гектарды құрайды. Бүгінгі күнге, жылыжайларда жалпы 88,2 мың тонна өнім өндірілген.

Бұдан бөлек, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 21 мың тонна жанармай шаруаларға берілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сәуір айынан бастап жанармай бағасы литріне 160 теңгеге бекітіліп, нарықтық бағадан 25 теңгеге арзандатылып отыр.