Оның ішінде 147-сі тоғанды балық өсіру шаруашылығы болса, 97-сі жаңадан ашылған тоғандар.
Түркістан облысында 200-ден аса балық өсірумен айналысатын шаруашылық бар, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 224-ке жетіп отыр. Оның ішінде 147-сі тоғанды балық өсіру шаруашылығы болса, 97-сі жаңадан ашылған тоғандар. Өңірде аталған кәсіпке қызығушылар саны күн санап артып келеді. Тиісінше олардың талап-тілектері де назардан тыс қалмауы тиіс. Осы орайда Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы агроөнеркәсіптік кешені және тамақ өнеркәсібі комитетінің кезекті отырысында балық өсіруші шаруалар тарапынан түскен өтінім-талаптар тыңдалды. Күн тәртібінде балық шаруашылығына жұмсалатын ағын су тарифын реттеу және негізсіз тексерулер мәселелері талқыланды.
Балық өсіруші шаруалардың айтуынша, балық шаруашылығындағы кәсіпкерлерге суды егінге қолданылатын су тарифымен төлеу тиімсіз. Себебі, егіншілік пен балық шаруашылығының су тұтынуында үлкен айырмашылық бар.
«Егінге алынатын су жүз пайыз жерге сіңіп егін қажеттілігіне жұмсалса, балық шаруашылығына алынатын судың басым бөлігі тоғандардан өтіп, қайтадан су арнасына қосылады. Тоғанды салуға арналған жобаларға «Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының» талабы бойынша су шығыны 5% дан аспауы керек», - деді Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұрбол Рысбеков.
Кәсіпкерлер су арнасына қайта қосылатын 95% суды ескере отырып балық шаруашылығы субъектілеріне қолайлы етіп ағын су тарифын жасақтау керектігін алға тартып отыр. Бұл мәселе орталық аппаратқа жолданып, оңды шешу жолдары қарастырылатын болады.