Түркістан облысында 400 бала оңалтудан өтеді

0
2 686

Балалар 21 күнге созылатын курстардан өтеді.


 Түркістан облысында 400 бала оңалтудан өтеді

Жыл соңына дейін 400 бала Түркістан облысында оңалтудан өтеді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры Дариға Назарбаеваның Шымкент қаласындағы «Қамқорлық» оңалту орталығын аралау кезінде белгілі болды.

Естеріңізге сала кетейік, орталық 2020 жылдың желтоқсан айында Елбасының «Қамқорлық» бастамасы аясында ашылып, Шымкент қаласындағы облыстық балалар ауруханасында орналасқан. Орталықтың жалпы ауданы 250 шаршы метр. Орталық дамуында ауытқулары бар ерте жастағы балаларға арналған. Мұнда балалар 21 күнге созылатын курстардан өтеді. Амбулаториялық және стационарлық оңалту тегін көрсетіледі.

Дариға Назарбаева педагогтардың түзету сабақтарына, емдік дене шынықтыру және механотерапияның жеке сабақтарына қатысты, сондай-ақ сараптамалық сыныптағы электроэнцефалографта және кешенді аудиометрде балаларды диагностикалық тексеру шараларымен танысты.

Айта кету керек, осы уақытқа дейін Түркістан облысында мұндай жабдықтар тек жеке меншік орталықтарда ғана болған.

«Ерте араласу орталығы моделінің ерекшелігі – аумағы мен мамандар тобының аз болғанына қарамастан әр балаға 70-ке дейін оңалту қызметін ұсыну мүмкіндігі. Үш оңалту курсы жұмысының нәтижелері баланың дамуына ерте кешенді әсер етудің маңыздылығы мен тиімділігін тағы да дәлелдейді. Әр балада оң динамика байқалады, ал бес сәбиіміз оңалту сабақтарынан кейін алғашқы қадамдарын жасады», - деді орталық директоры Ләззат Кучкарова.