Түркістан облысында 432,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

0
1 319

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 118 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.


Түркістан облысында 432,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Түркістан облысы аумағында 432,4 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы аумағында барлық қаржыландыру көздерінен ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысымен 432,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиев мәлімдеді.


Оның айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында, бюджет қаражаты есебінен облыста 2021 жылы 118 тұрғын үйдің (6 850 пәтер, 442 мың ш.м.) құрылысы жүргізілуде. Ал Түркістан қаласы бойынша 98 тұрғын үй (6 166 пәтер, 399 мың ш.м.).


«Аталған 118 тұрғын үйдің 2026-і — халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарындағы азаматтарға арналған арендалық пәтерлер болса, қалған 4 824-і — әлеуметтік кредиттік пәтерлер. Сондай-ақ, Түркістан қаласында 20 қабатты 2 тұрғын үй және 4-6-8 қабатты каскадты үйлер бой көтеруде. Мұндай жобалар бұрын-соңды облыс аумағында болмаған», - деді басқарма басшысы.


Сонымен қатар, Түркістан қаласын жасыл желекке айналдыру және климатты жақсарту мақсатында «Кеңсай-Қосқорған» су қоймасы, «Жеті көл» көлдер жүйесі, жасанды көлдер, ескек есу каналы және ирригациялық жүйелердің құрылысы жүргізілуде. Бұдан өзге, қала аумағында теннис орталығы, мұз сарайы, ат-спорт кешені, Ә.Нұрмаханов атындағы спорт кешені, демалыс орындары және инженерлік инфрақұрылымдардың құрылысы жүріп жатыр.