Түркістан облысында 500-ге жуық ауқымды тазалық іс-шарасы өткізілген

0
205

Тазалық жұмыстарына 2 мыңнан астам тұрғын қатысып, 27 техника жұмылдырылды.


Түркістан облысында 500-ге жуық ауқымды тазалық іс-шарасы өткізілген

Түркістан облысы аумағында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тазалық жұмыстары күнделікті өткізіліп келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда аудан, қалаларда жалпы 500-ге жуық ауқымды тазалық іс-шарасы өткізілді. Өткен аптаның ішінде 11 ауданның 25 елді мекенінде ауқымды сенбіліктер өткізіліп, нәтижесінде 28,2 тонна қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына 2 мыңнан астам тұрғын қатысып, 27 техника жұмылдырылды. Қоршаған ортаны күтіп-ұстау бағытында жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесі туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.


Облыс басшысы Дархан Сатыбалды жауапты тұлғаларға мониторинг жұмыстарын тұрақты жүргізуді, тазалық жұмыстарын жалғасыруды, республикалық және облыстық маңызы бар жолдар бойындағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және қоршаулар орнату жұмыстарын жүргізуді жүктеді. Сондай-ақ бұл жұмыстарға жергілікті тұрғындарды тартуды тапсырды.


Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірде атқарылып жатқан тазалық жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда «Taza Qazaqstan» телеграм бот платформасына 490 өтінім түскен. Оның ішінде, 472 өтінім орындалған, 2 өтінім орындалу барысында, 16 өтінім мағынасыз болғандықтан, кері қайтарылған. Сонымен қатар биыл қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған 25 300-ге жуық азаматқа хаттама толтырылып, 288,5 млн теңгеге айыппұл салынды. Бұдан бөлек, абаттандыру қағидасына сәйкес іргелес жатқан аумақтың тазалығы бойынша жеке тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандарына мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде, 1217 ескерту және 625 айыппұл салынды. Қағиданың сапалы орындау бағытындағы жұмыстар күнделікті жүргізіледі.


Жалпы, «Таза Қазақстан» бағдарламасының өтуі тұрақты қадағалауға алынған. Аудандар мен қалаларға кіреберіс аумақтарын реттеу, тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.


«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан, қала әкімдіктері мен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп күзде ағаш отырғызу бойынша ауқымды акция өткізу жоспарлануда. Атап айтқанда, облыс аумағында жалпы 500 мыңнан астам ағаш отырғызылмақ. Бұл акция өңірлерді көгалдандыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға және халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Бүгінде ағаштарды отырғызуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.