Жолдастық кездесуден соң спортшы ардагерлерге ақ дастархан жайылып, құрмет көрсетілді
ERNUR.KZ. Мақтаарал ауданында «Спортшылар күні» аталып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
19 тамыз – Спортшылар күніне орай Мақтаарал ауданының ардагер спортшыларының арасында футболдан жолдастық кездесу өтті. Іс-шараның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков спортшыларға деген ізгі тілегін арнады.
«Мақтаарал ауданы - спорт саласында көптеген жетістіктерге жете білген киелі мекен. Кезінде Сидней олимпиадасына қатысып, қазақ елінің намысын көтерген Мұхтархан Ділдәбековтың өзі алтынға бергісіз күміс жүлдегер атанды. Қазіргі таңда да жас спортшыларымыз спорттың түрлі саласында республикалық, халықаралық, дүниежүзілік жарыстардан орын алып келуде. Мақтааралдың спорт мектептерінен шығып «Астана арланс» құрамында, Ұлттық көкпар құрамасында т.б. түрлі спорттан республикалық құрамаларда жастарымыз өз өнерлерін көрсетіп, ел намысын қорғауда. Қазақстанның ешбір ауданында жоқ «Мақтаарал» футбол клубы аз ғана бюджетпен талай мықты командаларды жасыл алаңда жеңіп жүр. Мұның бәрі сіздердің еңбектеріңіз, сіздер қалап кеткен спорт мектептерінің арқасы екенін айтқым келеді. Сондықтан, аталған салада жүріп, қашанда қалың елдің үміті мен тілегін арқалап, ел мен жер абыройын қорғай білетін азаматтар мен азаматшаларды, сондай-ақ спортқа енді ғана қадам басып жатқан жастарды, біздер үшін үлкен үлгі болған спорт ардагерлерін мерекелерімен шын жүрегіммен, әріптестік ниетіммен құттықтаймын!» - деді Б.Төребеков.
Сондай-ақ, шараның ашылу салтанаты барысында белсенді спорт ардагерлеріне аудан әкімі Бақыт Асановтың алғыс хаттары табысталды. Жолдастық кездесуден соң спортшы ардагерлерге ақ дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.