Үздік ұжымдар марапатталды.
Түркістан облысында «Балалар жылын» қортындылаған салтанатты кеш өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында «Балалар жылын» қортындылған «Бәрі де, балалар үшін» мерекелік іс-шарасы өтті. «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев құттықтау сөз сөйлеп, халықаралық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздарына құрмет көрсетті.
«Қадірменді түркістандықтар, дарынды балалар. Алдымен іргемізден енгелі тұрған Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Мұндағы мақсат – Қазақстан бойынша өздеріңіз сияқты талантты, дарынды балаларға қолдау жасап, қоғамдағы ізгілікті адамдарының қатарына қосу. Түркістан облысында бұл шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Өңірімізде мыңға жуық мектепте 514 мың бала білім алып жатыр. Оның ішінде Түркістан облысының оқушылары биылдың өзінде республикалық, халықаралық олимпиадалар мен байқаулардан алтын, күміс, қола жүлделерді жеңіп алды. Қадірлі балалар! Түркістан – еліміздегі ең бала саны көп өңір. Әрбір бесінші сәби Түркістан облысында дүниеге келеді. Биыл өңірде 14 мектеп пайдалануға берілді. Алдағы уақытта да мектептер саны артады. Сіздер осы білім ұяларында білім алып, елге қызмет ететін шынайы отаншыл азаматтар болуларыңыз керек. Балаларға қамқорлық жасау, қолдау көрсету бір жылмен шектелмейді. Балаларды жан-жақты дамытуға жағдай жасауды жалғастыра береміз», – деді Бейсен Тәжібаев.
Салтанатты жиында халықаралық олимпиадалар мен байқауларда жеңімпаз атанған 18 оқушы бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен бірге «Балалар жылы» аясында үздік атанған Түркістандағы оқушылар сарайы мен Қазығұрт және Жетісай аудандарына микроавтобустың сертификаттары тапсырылды.
Мерекелік кеште облысымыздың жас, оқушы өнерпаздары мен республикаға танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
Түркістан облысында «Балалар жылын» өткізу 7 бағытта жоспарланып, облыс көлемінде 83 іс-шара іске асырылды. Оған 5.2 млрд. теңге қаралды. Облыста мектепке дейінгі біліммен қамту – 92,9%. «Балалар жылын» және «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекелерін облыс көлемінде жоғары деңгейде өткізу мақсатында «TURAN-BALAFEST» онкүндік фестивалі өткізілді.
«Балалар жылы» шеңберінде «Дара» қорының қолдауымен Мақтаарал, Сарыағаш, Ордабасы аудандарында түзету кабинеттерінің филиалдары ашылып, оған қор тарапынан 12 000,0 мың. теңге қаражат бөлінген. Нәтижесінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға тиісті коррекциялық жұмыстар көрсету сапасы жақсарды. Сонымен қатар 11 айда облыстық денсаулық сақтау мекемелерінде 9845 бала оңалту емін, 3892 бала сауықтыру емін қабылдаған. Республикалық оңалту орталықтарында 507 бала ем алған.
Облыстағы 38 қосымша білім беру мекемелерінде – 28 500 оқушы, мектептегі үйірмелерде 355 600 оқушы қосымша біліммен қамтылып, қамту көрсеткіші 70,1%-ды (384 100 оқушы) құрады.
Қазығұрт ауданында 120 балаға арналған, Келес ауданында 320 балаға және Сайрам ауданында 300 оқушыға арналған жаңадан оқушылар үйі ашылды. Түлкібас ауданы 150 балаға арналған «Өнер» мектебі, Түркістан қаласында заманауи техникамен жабдықталған оқушыларды шығармашылыққа үйрететін «Fablab» шеберханасы ашылды. Кентау, Арыс, Төлеби аудандарында дәл осындай шеберханалар ашылады.
Республикалық «Ұлттық мектеп лигасы» жарысында облыс оқушылары 11 алтын, 9 күміс, 7 қола медалға қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте екі жыл қатарынан I орынға ие болды.