Қазір ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр.
Түркістан облысында бірнеше бағыт бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында өңірде жүзеге асырылуға ұсынылған бірнеше инвестициялық жоба талқыланды. Атап айтсақ, инвестштаб отырысында «UNITED GOLD» ЖШС-нің директоры М.Қасқабаев Бәйдібек ауданында мырыш өндіру және байыту жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, жобаны бірлесіп іске асыру үшін Түркияның «Tekşan Madencilik» компаниясымен келісімге қол жеткізілді. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен жоба бастамашысы арасында «Бесағаш-1» кен орнын барлауға келісімшарт бар. Кен қорларын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 1,8 млрд. теңге. Жүзеге асса, 200 адам жұмыспен қамтылады. Инвестор 4 шақырым жерге электр желісін тарту қажеттігі жөнінде айтты.
«Корпорация «ERNUR» ЖШС-нің басшысы Е.Нұрмаханов жұмыртқа, тауарлық құс еті және шұжық өнімдерін өндіретін құс фабрикасын салу жобасы бойынша айтып берді. Жобаны жүзеге асыру үшін Бәйдібек ауданында жер учаскелері қарастырылып жатыр. 2023-2026 жылдары аралығында жүзеге асатын жобаның құны – 15 млрд. теңге. 50 адам жұмыспен қамтылмақ. Жобаны іске асыру үшін 40 гектар жер мен электр қуаты қажет.
Облыс әкімі әрбір инвестордың ұсынысы мен жоспарын мұқият тыңдап, жобаны сапалы атқару қажет екенін атап өтті.
«Облыс және аудан, қала әкімдіктері, басқармалар тарапынан инвесторларға қолдау көрсетіледі. Бірақ сіздер де әр істі келісімшартқа және жоспарға сай уақтылы әрі сапалы атқаруларыңыз керек. Жерді құр алып қойып, оны пайдаланбай отырсаңыздар қайтадан қайтарылады. Біз әрбір жобаның іске асырылу барысын мұқият қадағалап, туындайтын мәселелерді шешуге жәрдемдесеміз. Сондай-ақ жақын арада сіздердің жобаларыңыз іске асып, облысымыздың экономикасының дамуына драйвер болады деп үміттенеміз», – деді Дархан Сатыбалды.
Инвестициялық штаб отырысында «SIPtechnology» ЖШС Түркістан қаласындағы Арнайы экономикалық аймақта коттедж қалашығын салуға ниетті екенін білдірсе, Түркістан қаласында «Chery» автокөлік маркасының дилерлік орталығын салу мәселесі де көтерілді. «Саяхат Моторс - Түркістан» ЖШС өкілінің айтуынша, құны 1 млрд. теңге болатын жоба жүзеге асса, автомобиль орталығында 100 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен бірге 25 адамды жұмыспен қамтитын «Газпромнефть» автомобиль жанар-жанармайын құю бекетінің құрылысы мен Отырар ауданында жүгеріні терең өңдеп, биоэтанол шығару жобасын жүзеге асыру жолдары да талқыланды. «Otyrar Bio Tech» ЖШС атқаратын жүгеріні терең өңдеу жобасының құны – 72 млрд. теңге. 2025 жылға қарай ашылатын зауытта 154 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Қазір ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр.
Сайрам ауданында «CAPABLE GROUP» Мүгедектер Қоғамы» жылына 100 млн. дана жөргектер шығаратын цехын іске қосқан. Қазіргі уақытта, жобаның бастамашысы қосымша 3 өндіріс желісін (2 жөргектер желісі, 1 тұрмыстық химия желісі) іске қосумен өндірістік қуаттылықты кеңейту бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұл ретте, жобаның бастамашысы 3 млрд. теңгеге жабдық сатып алу мәселесі бойынша «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржыландыруға қатысты келіссөздер бастаған. Жалпы құны – 8 млрд. тенге. Жобаның жылдық қуаты – 350 млн. дана. Аталған жобаны жүзеге асыру барысындағы инфрақұрылымға қатысты мәселелер де ашық айтылып, ұсыныстар берілді.
Жиында Жетісай және Шардара аудандары әкімдерінің инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар бойынша есебі тыңдалды. Жобалары таныстырылды. Өңір басшысы аудан әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
«Ауданға келген инвесторларға мемлекет тарапынан ұсынылатын жеңілдіктер мен қолдауларды түсіндіріңіздер. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша тапсырмалар сапалы атқарылсын», – деді Дархан Сатыбалды.