Түркістан облысында биыл 1 миллионнан астам көшет егілген

0
771

2023 жылғы жоспар 2 есе артығымен орындалды.


Түркістан облысында биыл 1 миллионнан астам көшет егілген

«Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2021-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2021-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген. Бүгінгі күнге аудан-қалаларда 2023 жылғы жоспар 2 есе артығымен орындалып, жалпы 556,6 мың көшет егілді. Бұл жайында Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев мәлімдеді.


Сонымен қатар басқарма басшысы 2021-2023 жылдар аралығында 51,1 мың га жерге 74,7 млн. дана ағаш отырғызылғанын жеткізді. 2023 жылғы көрсеткішке сәйкес, басқармаға бағынысты коммуналдық мемлекеттік мекемелердің тұқымбақтарында 30 млн. көшет өсірілген.


«Түркістан қаласының айналасынан құрылып жатқан «Жасыл белдеу» аумағы 2019-2023 жылдары аралығында 16 044 га жетті. Оның ішінде, Уран өндіруші компаниялармен 10 036 га жерге ағаш көшеттері отырғызылып, сексеуіл тұқымдары себілді. Бұған дейін, Жасыл белдеудің аумағын 31,4 мың га жеткізу бағытында жұмыстар атқарылған болса, қазіргі таңда жоспарды 42 мың гектарға жеткізу қолға алынып отыр», – деді Қайрат Абдуалиев.


Сондай-ақ басқарма 2023 жылдың қорытындысы бойынша орман күзеті қызметкерлерімен сұғанақтықтың алдын-алу мақсатында 1 127 рейдтік іс-шара ұйымдастырып, 384 заң бұзушылық фактісін анықтаған. Анықталған заң бұзушыларға 7 млн. 715,4 мың теңге әкімшілік айыппұл салынып, оның 6,3 млн. теңгесі өндірілген. Ал табиғатқа келтірілген залалдың көлемі – 2,1 млн. теңге құраған, оның 1,9 млн-ы қайтарылған.


Сонымен қатар биыл тауарлы балық өсіру көлемін 6 640 тоннаға жеткізу және өңдеу жұмыстарын қолға алу 5 000 тоннаға жоспарланып, жыл қорытындасымен жоспар толық орындалған.


Бұдан бөлек, облыс аумағында жалпы 159 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындары белгіленген. Оның 70%-ы санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Осыған орай 2022-2026 жылдарға арналған іс-шара жоспарына сәйкес 27 полигонның құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Алдағы уақытта оңтайландыру арқылы инвесторлар тарту мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. 2023 жылға қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 23%-ға жеткізу жоспарланып, жоспар толығымен орындалған.