Түркістан облысында ер адам өз әйелі мен ұлын пышақтап тастаған

0
3 834

Алған ауыр жарақаттан әйелі көз жұмды.


Түркістан облысында ер адам өз әйелі мен ұлын пышақтап тастаған

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында ер адам өз үйінде әйелі мен ұлын пышақтаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қазығұрт ауылын ғана емес есіткен елді дүрліктірген қанды оқина 13 сәуір күні болған. Шаңырағының шырқын бұзып, қолын қанға малған күдікті өз үйінде қонақ бөлмеде араққа сылқия тойып жатқан. Бұл уақытта 45 жастағы әйелі мен ұлы мен келіні, жасөспірім кіші баласы түскі ас ішіп отырған. Түске дейін де мастығы тарамаған күдікті ас бөлмесіне келіп қаннен-қаперсіз ас ішіп отырған әйелімен жанжалдасып қалған. Алкогольді ішімдікке тойып ап, ашуға мінген ер адам стол үстіндегі асхана пышағын зайыбына тығып алған. Оң бүйірінен тығылған пышақ жұбайының ішкі ағзасын жарақаттаған.

Анасын пышақтағанын көрген 25 жастағы ұлы ара түспек боп қолына түскен пластмассадан жасалған көк шарамен әкесінің қолынан қағып жібереді. Әкесі ұлына тап беріп, сыртқа қашып кетпек болған перзентінің сол жақ жауырынына пышақ тығып үлгіреді. Онымен қоймай, аулаға қашып шыққан ұлының соңынан қуып, үйдің алдында баласын күрекпен ұра бастайды. Араққа тойып туғандарына қырғын салған күдіктіні көршілері кеп тоқтатқан.

Көршілері ара түскенін көріп күдікті оқиға орнынан қашып, бой тасалап үлгіреді. Мұның барлығы 20 жастағы келіні мен 10 жастағы кіші ұлының көз алдында болған.

Алған дене жарақаттарынан 45 жастағы әйел күйеуінің пышақтауы салдарынан 14 сәуір күні көз жұмған. Ауылдастарының жағасын ұстатып, өз отбасын ойран етіп қашып кеткен күдікті 13 сәуір күні кешкі сағат 20.50-де құрықталған.

Оған ҚР ҚК-нің 24 бабының 3-ші бөлігі "Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу", 99 бабының 2-ші бөлігі, 1-ші тармағымен "Адам өлтiру: 1) "екi немесе одан көп адамды өлтіру" бойынша, сондай-ақ, 99 бабының 1-ші бөлігі "Адам өлтiру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату" бойынша айып тағылған.

Түркістан облысы Қазығұрт аудандық сотының тергеу судьясы күдіктіні күзетпен ұстау бұлтартпау шарасына санкция берген. Қазір күдікті қамауға алынған.

Қазығұрт ауданындағы қанды оқиғаны Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі де растап, оқиғаның толық мән жайы тергеп тексеру барысында анықталатынын мәлімдеді.