Түркістан облысында инвестициялық штаб жұмысын бастады

0
581

Кәсіпорындар көбеюі нәтижесінде 1700 жаңа жұмыс орны ашылады.


Түркістан облысында инвестициялық штаб жұмысын бастады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірлік инвестициялық штаб құрылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірлік инвестициялық штаб құрылған болатын. Аталған штабтың алғашқы отырысы ұйымдастырылды. Оған инвесторлар бейнебайланыс арқылы қатысты. Өңір басшысы Түркістан облысына инвестиция тартуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға арналған штабтың маңыздылығына тоқталып, әкімдіктер мен инвесторлар арасында кедергісіз диалог орнатылып, өндіріс орындары көбейетінін жеткізді.


«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тартуды күшейтуді тапсырды. Менің ойымша, бұл тұрғыда Түркістан облысының әлеуеті жоғары. Қысқа уақыт ішінде біздің аймақ инвестицияға тартымды өңірге айналып, оң имиджге ие болды. Жиынға арнайы қатысып отырған инвесторлар мен серіктестерге өңірдің дамуына қосқан үлестері үшін алғысымды білдіремін. Бұл штабта жобалар жедел қаралып, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Мақсаты – жобаларға қолдау көрсетіп, нақты шешімдер қабылдау. Менің төрағалығыммен штаб құрамына облыстық басқармалар, аумақтық департаменттер, қаржы институттарының басшылары және бизнес өкілдері кіреді. Тұрақты негізде өтетін штаб отырысында инвесторлармен тікелей байланыс орнатылады, әкімшілік кедергілерді жою, қолайлы жағдайлар жасау және үйлестіру жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, өңір экономикасы үшін қайта өңдеу өндірісі, агроөнеркәсіптік кешен, туризм сияқты базалық секторларға инвестициялар тартуға ерекше назар аударылады», – деді Дархан Сатыбалды.


Жиында облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы инвестштабтың алғашқы отырысында талқыланатын жобалармен таныстырды. Түркістан облысының инвестиция және экспорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов осы бағыттағы жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, отандық ірі кәсіпорындардың шикізатын пайдалана отырып, жоғары қосылған құны бар өндірісті дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда «ERG», «Қазақмыс», «Орда Гласс», және атыраулық «KPI» компанияларымен байланыс орнатылуда. Жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі және құрылыс материалдары және өзге де өндірістер бойынша жобалар жүйеленіп жатыр.


Инвестициялық штаб отырысында «Turkistan» АЭА АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ж.Төлебековтың «Turan» АЭА дамыту тұжырымдамасы туралы баяндады. Қолданыстағы «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының бүкіл аумағын «TURAN» АЭА аумағына қосу болжануда, ауданы 3987 гектарға ұлғаяды. Өңірге инвестиция тарту жұмысы күшейіп, кәсіпорындар ашылмақ.


Инвестициялық жобаларды іске асыру барысы туралы инвесторлардың пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды. Сонымен бірге Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов ауданда жүзеге асатын жобалар туралы баяндады. Ауданда үш жылда 33 жоба жүзеге асады деп жоспарланып отыр.


Кәсіпорындар көбеюі нәтижесінде 1700 жаңа жұмыс орны ашылады. Алдағы уақытта инвестштаб отырыстарында әр аудан, қала әкімдерінің инвестиция саласындағы есептері тыңдалып, жобалары тұрақты талқыланады.