Түркістан облысында құны 15 млн долларды құрайтын инвестициялық жоба іске асады

0
81

Жоғары технологиялық мал сою бекеті және ет өнімдерін терең өңдеу кешенін салу мәселелері де талқыланды.


Түркістан облысында құны 15 млн долларды құрайтын инвестициялық жоба іске асады

Түркістан облысында 15 млн долларлық инвестициялық жоба іске асады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Келес ауданында шетелдік инвесторлармен жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен маңызды басқосу өтті. Жиында аудан аумағынан 10 000 басқа арналған мал бордақылау алаңын салу жоспары талқыланды. Сонымен қатар жоғары технологиялық мал сою бекеті және ет өнімдерін терең өңдеу кешенін салу мәселелері де талқыланды.


Аудан әкімі Түркиялық инвесторларға өңір әлеуетін дамытуға бағытталған жобаны бірлесе атқаруға дайын екенін жеткізді.


— Біз үшін ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының тірегі. Осындай ауқымды жобалар Келес ауданының дамуына тың серпін береді. Жергілікті кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар арасындағы әріптестікке қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз, - деп атап өтті аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев.


Жоба құны - 15 млн АҚШ долларын құрайды. Түркиялық инвесторлар тарапынан қаржы құю үшін кәсіпкерге жер телімін рәсімдеу қажеттілігі айтылды. Өз кезегінде аудан әкімі жобаға толық қолдау көрсетілетінін жеткізіп, жер мәселесі бойынша тиісті шаралар атқарылатынын атап өтті.


Осы күні аудан басшысы мен инвесторлар Бозай ауылдық округінде жоспарланған жоба аумағына барып, іс жүзіндегі жағдаймен танысты. Бүгінде жеке кәсіпкер 4 277 ірі қара мал, оның ішінде 1 500 асыл тұқымды «қалмақ сиыры», сондай-ақ 9 200 уақ мал өсіруде.


Жобаның іске асуы Келес ауданында жаңа жұмыс орындарының ашылуына, экспорттық әлеуеттің артуына, ет өнімдерін өңдеу мен қайта өңдеудің дамуына және ауыл шаруашылығы саласының жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді.

Бөлісу