ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев Сауран ауданына арнайы іс-сапармен барды.
Ол ауданға қарасты Шаға ауылдық округінде орналасқан және өңірдегі маңызды инвестициялық жобалар шоғырланған «SPK TURKISTAN» өндірістік паркін аралады.
Сапар барысында халық қалаулысы өндірістік аймақта жұмыс істеп тұрған бірқатар ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіретін «BNK Group» серіктестігінің өндірістік цехтары көрсетілді.
Сонымен қатар, депутат «Aqniet Holding» кәсіпорнының өнімдерімен де танысты. Бұл мекеме білім беру ұйымдарына арналған жиһаз өндірісімен айналысады. Соңғы үш жыл ішінде компания 50-ге жуық мектепті қажетті жиһаздармен қамтамасыз еткен. Бүгінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына сай стандартталған жиһаздар әзірленіп, еліміздегі оқу мекемелеріне жеткізілуде. Сондай-ақ, кәсіпорын «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесе отырып, денсаулық сақтау саласына қажетті медициналық жабдықтарды да шығарады.