Жоспарға сәкес І кезеңмен жоспар 100 пайыз орындалды
Түркістан облысында орман, дала өрттерімен күрес қызу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында орман, дала өрттерімен күрес және олардың алдын алу шараларына дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Күштер мен құралдардың практикалық іс-әрекеттерін пысықтау мақсатында осы жылдың 28-29 мамыр күндері «Өрт-2026» оқу-жаттығу өтті. Биыл өңірде орман, дала немесе егістік алқаптарында өрттің таралуын тоқтату үшін минералданған жолақтарды жүргізу бойынша жалпы ұзындығы 9 602,49 шақырым көлемінде жоспар бекітілген. Жоспарға сәкес І кезеңмен жоспар 100 пайыз орындалды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде баяндалды.
Облыс басшысы жауапты тұлғаларға бекітілген жоспарды уақытылы әрі сапалы орындауды ескертіп, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, орман және дала өрттерінің алдын алу жұмыстарын күшейту, минералданған жолақтарды жүргізу бойынша жоспардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау, өрт қауіпті кезеңде күштер мен құралдардың дайындық деңгейін арттыру, қажетті техника мен жанар-жағармай қорын толық қамтамасыз етуді тапсырды.
Аппарат мәжілісінде облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бағдат Чайзада орман, дала өрттерімен күрес және олардың алдын алу шараларына дайындық туралы баяндады. Оның айтуынша, орман, дала өрттерін сөндіру үшін Департамент тарапынан 340 жеке құрам және 70 бірлік техника, 1 тікұшақ бекітілген. Облыста әуе күштерімен су алу үшін жалпы 10 су алу орындары қаралған. Облыс аумағында 12 орман шаруашылығы мекемесін өрт қауіпті кезеңге толық дайындыққа келтірілді.
Өрт қауіпті маусымы басталғаннан бері 95 әкімшілік шара қолданылды. 2025 жылдан бастап «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында облыста 10 өрт сөндіру пункті ашылды. Аталған өрт сөндіру пункттерімен бүгінгі күнге 25 өрт және жану жағдайлары сөндіріліп, құтқару жұмыстары атқарылды. Шалғай елді мекендерін өрттен қорғауын нығайту мақсатында жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып «Ауыл құтқарушылары» бағдарламсы әрі қарай жалғасын табуда. Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары күшейтілген режимде дайындыққа келтіріліп, тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.
Түркістан облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Санжар Бурлибаевтың айтуынша, өңірде 37 маусымдық өрт бекетін құру жоспарланып, бүгінгі күнге дейін 33 бекет құрылды.
Жыл басынан бері орман өрттері тіркелмеген. Қазіргі таңда «Сайрам-Өгем» ұлттық мемлекеттік табиғи паркінде өрттің алдын алу мақсатында өртті ерте анықтау жүйелері орнатылуда.
Жалпы орман қоры аумақтарында 39 өрт сөндіру автокөлігі, 12 трактор, 25 патрульдік көлік, 52 тіркеме, 71 қосалқы техника, 7 мотоцикл, 6 МЛПК және 1552 өрт сөндіргіш құралдармен жабдықталған. Сондай-ақ, мемлекеттік өрт сөндіру бөлімшелері жоқ елді мекендерде 2 648 адамнан тұратын 14 ерікті өрт сөндіру құрылымдары жасақталды.
Жазғы өрт қауіпті маусымда өрт жағдайларының алдын алу мақсатында кезеңдік іс-шаралар жоспары бекітілді. Орман мен дала өрттерінің алдын алу және дайындық жұмыстары тұрақты бақылауда.


