Жиында Жолдаудың басым бағыттары мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысы баяндалды.
ҚР Президентінің халыққа арнаған Жолдауын түсіндіру мақсатында Түркістан облысына келген жұмысшы топ өңірдің жұртшылығымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған топ мүшелері облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен басқарма басшылары, ардагерлер мен көпбалалы отбасылар, зиялы қауым мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет саласының қызметкерлері мен жастар, бизнес және азаматтық қоғам өкілдері бас қосқан жиында Жолдаудың басым бағыттары мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысын баяндап өтті. Кездесуде алғашқы сөз алған Бердібек Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмектің жаңартылған формасы мен міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі, білім беру, құқық қорғау салаларындағы реформалар туралы баяндады.
«Халық денсаулығы туралы» Кодекстің жобасы Парламенттің қарауына енгізілген. Оған сәйкес 2020 жылдан бастап МӘМС жүйесі жұмыс істей бастайды. Қазіргі қолданыстағы жүйе бойынша тегін көрсетілетін қызметтер сол қалпы сақталып қалады. Сақтандыру жүйесі қосымша қызметтерді қамтиды. Жаңа жүйесі бойынша халықты дәрі-дәрмекпен қамту, медициналық оңалту қызметтері жетіле түседі. Сондай-ақ, 2025 жылға дейін барлық елдімекендерде ең кемінде медициналық бекет немесе емхана болуы тиіс деген мақсат бар. Мұнан бөлек апатты жағдайдағы барлық медициналық мекемелер жөнделеді әрі олардың материалдық-техникалық базасы халықаралық талаптарға сәйкестендіріледі», - деді вице-премьер.
Бердібек Мәшбекұлының айтуынша, 2019 жылы бір ғана Түркістан облысында мұқтаж отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беруге 63 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленетін мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік пакеттің тағайындалуына орай келер жылдан бастап бұл сомма еселеп арта түспек. Сондай-ақ, Президент Жолдауында дарынды балаларды қолдаудың Жол картасын әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Осыған орай Үкімет "Ел үміті" атты жоба жасап шықты. Жоба аясында келер жылдан бастап Қазақстан бойынша ең дарынды 1 000 бала іріктелініп, мемлекеттің толықтай қамқорлығына алынбақ. Кездесуде тұрғындар өздерін мазалаған мәселелерге байланысты ой пікірлерін ортаға салып, сауалдарын қойды. Мұнан кейін Бердібек Сапарбаев бастаған үкімет мүшелері өңірдің ардагерлерімен кездесті. Келелі басқосуда ел ағалары халықты толғандыратын мәселелерді айтыпкөкейде жүрген ойларын жеткізді. Оңтүстік өңірінде атқарылып жатқан ауқымды тірліктерге ризашылықтарын білдіріп, Мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаевтың қойған мақсаттар мен мiндеттер орындалып жатқанын атап өтті. Ақсақалдар кеңесінің мүшелері бұл тұста Түркістан облысының басшысы Өмірзақ Шөкеевтің атқарып жатқан еңбегіне оң бағасын берді.