Түркістан облысында «Шаңырақ» байқауы бастау алды

0
1 611

Байқаудың жалпы жүлде қоры - 1 000 000 теңге.


Түркістан облысында «Шаңырақ» байқауы бастау алды

Түркістан облысында бірлік пен еңбек адамдарын насихаттайтын «Шаңырақ» байқауы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында этносаралық татулықты нығайту мақсатында әлеуметтік желі қолданушылары арасында «Шаңырақ» байқауы басталды. Аталған байқау Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйытқы болуымен және облыстық ҚХА журналистер мен блогерлер клубының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.


Жиында сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, ҚХА хатшылығының меңгерушісі Керімбек Мырзабаев БАҚ өкілдері қоғамның қозғаушы күші, бірліктің жаршысы екенін айта келе, көпшілікті байқауға белсене қатысуға шақырды.


Байқаудың жалпы жүлде қоры - 1 000 000 теңге. Оған кез-келген әлеуметтік желі қолданушылары, журналистер мен блогерлер, баспасөз орталықтарының мамандары қатыса алады. Сондай-ақ, әр түрлі тақырыптағы мәтіндік материал (мақала, пост, тик-ток, телеочерк) әлеуметтік желідегі «Facebook», «Вконтакте», «Instagram» парақшаларының бірінде жариялануы керек.


Байқау жұмысына қойылатын талаптар:

1. Мәтіндік материалды «Шаңырақ» сөздерінен бастау;

2. Жазбаны жариялау жиілігі аптасына 1 жазбадан кем емес;

3. Жалпы пост саны 10-нан кем болмауы;

4. Жазба көлемі 1 000 символдан кем болмауы;

5. Мәтіндік материалды фотолармен толықтыру;

6. Тақырыптық суретті қатар бекіту және аты, тегі, әкесінің атымен қатар #Шаңырық хэштегін қолдану;

7. Фейсбукте «Шаңырақ» журналистер клубы тобына тіркелу;

8. ҚХА логотипінің суретін қоса жариялауы қажет.


Байқауға 2024 жылдың 24 қаңтардан 10 маусымға дейінгі жарияланған материалдар қабылданады. Жарияланған материалдардың скриншоттарын арнайы файл папкасына жинақтап (лайк, бөлісуі көрінуі керек) байқаудың ұйымдастырушыларына 2024 жылдың 10-12 маусым аралығында тапсырылуы тиіс. Байқау жұмыстары мемлекеттік тілде қабылданады. Байқауға ұсынылған жұмыстар әлеуметтік желілерде немесе блог-тұғырнамаларда көп дауыс жинағаны, ең көп «лайк» басылғаны, ең көп бөлісілгені (репост) арқылы бағаланады. Қаншалықты оқырманның көңілін аудара білгендігіне мән беріледі.


Қатысушылар сұрақтар бойынша 8-775-820-36-92, 8-747-322-93-24 байланыс нөмірлеріне хабарласа алады. Электронды пошта: shanyraq-2024@mail.ru.


Байқаудың қорытындысы маусым айында БАҚ мерекесі күні қарсаңында жарияланып, жеңімпаздар марапатталады. Жеңімпаздардан басқа, байқауға қатысқан үздік үміткерлерге ынталандыру сыйақысы тағайындалады. Соңғы 2 жылда қатысқан байқау жеңімпаздарына жүлде берілмейді немесе байқауға қатыстырылмайды.