Химиялық күрес шараларын ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді.
Арыста шегірткеге қарсы өңдеу шаралары пысықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округінде морокко шегірткесіне қарсы химиялық күрес шараларын ұйымдастыру жұмыстарының барысына зерделеу жұмыстары жүргізілді.
Қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандықтың төрағалығымен өткен жиынға қалалық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлыбек Біләлбеков, Қожатоғай ауылдық округінің әкімі Зәкірқожа Елшібаев және болжам орталығының қызметкерлері қатысты. Жиында тиісті шараларды өз деңгейінде сапалы атқару жайы жан-жақты талқыланды.
Қалалық болжам орталығының директоры Нұрлыбек Төлегеновтің айтуынша, бүгінгі таңда Қожатоғай ауылдық округі бойынша 131 гектар жерге зиянкестер ұясын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілген.
Жиын барысында болжамды топтың химиялық өңдеу жұмыстарына арналған техникалардың дайындығы пысықталды. Жауапты міндеттерді жүзеге асыруда жұмыла жұмыс жасау қажеттігін ескерткен Ерғали Омарұлы сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.