Түркістан облысында ұлттық халық санағына дайындық жұмыстары басталды

0
478

Санақтың бірінші - дайындық кезеңі 1 - 30 маусым аралығында өтеді.


Түркістан облысында ұлттық халық санағына дайындық жұмыстары басталды

Биыл күзде елімізде Ұлттық санақ өткізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында елімізде Ұлттық санақ өткізіледі. Осыған байланысты өңірде қарқынды түрде дайындық жұмыстары басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы Статистика департаментінің басшысы Бағлан Қарғұлов мәлімдеді.


«Ұлттық санақ елдегі карантиндік шараларға байланысты 2020 жылдан 2021 жылға ауыстырылған болатын. Ағымдағы жылы өтетін ұлттық халық санағының басты ерекшелігі – санақ процесі автоматтандырылып сауалнама парақтарын мамандар электронды планшетте толтыру арқылы жүзеге асыратын болады. «Қазақстанда әркім маңызды!» ұраны аясында ұйымдастырылып жатқан халық санағы елімізде алғаш рет жаппай аралаумен бірге онлайн-режимде өткізіледі. Биылғы халық санағы 2 кезеңмен жүргізіледі. Бірінші – дайындық кезеңі және екінші – негізгі кезең», – деді Б.Абайбекұлы.


Департамент басшысының сөзінше, санақтың бірінші - дайындық кезеңі 1 - 30 маусым аралығында өтеді. Оған 127 уәкіл, 50 нұсқаушы-бақылаушы және 352 интервьюер жұмылдырылды. Интервьюерлер мөрмен расталған куәлікпен, санаққа қажетті құрал-жабдықтар және портфельмен қамтамасыз етілген. Олар тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың мекен-жайларын, сондай-ақ оларда тұратын халықтың санын нақтылайды.


Сондай-ақ, кез-келген азамат орналасқан жеріне қарамастан, өзін және отбасы мүшелерін www.sanaq.gov.kz және www.e-gov.kz сайттары арқылы санақтан өткізе алады. Онлайн-режим санағынан өтпеген азаматтарды қамту үшін 1 мен 30 қазан аралығында дәстүрлі жаппай аралау әдісі жоспарланған. Бұл санақ процесі жұмыстарын жүргізуге облыс бойынша жалпы 2 847 адам қатысады.