​Түркістан облысында ұн және май өндіретін агроөнеркәсіптік кешен салынады

0
82

Жаңа өндіріс орны іске қосылғанда шамамен 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтіліп отыр.


​Түркістан облысында ұн және май өндіретін агроөнеркәсіптік кешен салынады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Interexport» ЖШС құрылтайшысы Башир Ахмад Ахмадимен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу міндетін жүктеді. Осы бағытта Түркістан өңірінде нақты жобалар қолға алынып жатыр.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Interexport» ЖШС құрылтайшысы Башир Ахмад Ахмадимен кездесті. Кездесуде Мақтаарал ауданында ұн және май өндіретін заманауи зауыт салу жобасы талқыланып, оны іске асыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Жобаның жалпы құны 31 млн АҚШ долларын құрайды. Өнеркәсіп саласындағы кәсіпорынның құрылысы 2026-2028 жылдарға жоспарланған. Жаңа өндіріс орны іске қосылғанда шамамен 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтіліп отыр.

Жобалық қуаттылығына сәйкес, кәсіпорында тәулігіне 300 тонна май, 1 500 тонна ұн өндіру көзделген. Сонымен қатар тәулігіне 1 000 тонна ұнды қаптауға арналған арнайы желі орнатылады.

Кездесу барысында осы жобаны уақтылы жүзеге асыру мәселесі қаралды. Облыс әкімі өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру, өнеркәсіп саласын дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстардың маңызын атап өтіп, жобаға қолдау көрсететінін айтты.

Айта кетейік, Түркістан облысында өндіріс орындарын көбейту арқылы экономиканы әртараптандыруға, жергілікті шикізатты терең өңдеуге және дайын өнім көлемін арттыруға басымдық беріліп отыр. Кәсіпорынның іске қосылуы Мақтаарал ауданының өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, өңірдің азық-түлік өндірісін дамытуға үлес қосады деп күтіліп отыр.

Бөлісу