Түркістан облысында ветеринария саласы цифрландырылып жатыр

0
162

Чиптеу жүйесін енгізу нәтижесінде облыс көлеміндегі мал басының нақты есебі қалыптасады.


Түркістан облысында ветеринария саласы цифрландырылып жатыр

Түркістан облысында ветеринария саласы цифрландырылып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Шаға ауылдық округінде жүзеге асып жатқан «Ветеринария саласын цифрландыру» пилоттық жобасымен танысты. Аталған жоба жануарларды чиптендіру арқылы ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған. Жоба құны – 4 млн теңге. Қуаттылығы – 5 мың дана лента. Қазіргі таңда 5 мың дана шағылысатын лента сатып алынып, аудан және қала деңгейіндегі жол бойында орналасқан шаруашылықтарға таратылуда. Бұл жұмыстар нәтижесінде жол-көлік оқиғаларын азайтып, жол бойындағы жануарлардың нақты есебінің жүргізіп және мал иелерінің жауапкершілігінің арттыру көзделген.


Чиптеу жүйесін енгізу нәтижесінде облыс көлеміндегі мал басының нақты есебі қалыптасады. Бұл өз кезегінде ветеринариялық іс-шараларды жоспарлауда, аурулардың алдын алу мен бақылауда, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар әрбір жануардың өмірлік тарихы – вакцинациясы, ем-шаралары, қозғалысы цифрлық форматта сақталып, бақылауға алынады. Осылайша, жануарларды чиптеу ветеринариялық қауіпсіздікті нығайтып, саланы цифрлық жүйеге көшіруге және мал шаруашылығын тиімді басқаруға кең мүмкіндік береді.


Жалпы чиптеу – цифрландыруға оң әсерін береді және өмірлік тарихы бақыланады. Үй жануарына 1 рет салынады. Жалған мал басын субсидиялауға жол берілмейді. Несиеге алынған жануарлардың көрсету фактілері жойылады. Жануарларға егілген вакциналық іс-шараларды сканер арқылы оқып дерекқорға жылдам енгізуге мүмкіндік береді.


Сонымен қатар 109 бірыңғай байланыс орталығы ветеринария саласында іске қосылып, ауыл тұрғындары ветеринар мамандардың қызметіне жүгіну, бағалау және кері байланыс беру мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі күнге дейін 441 өтінім түскен. Жоба аясында ақылы қызметтерге автоматты төлем жасау үшін QR код орнатылған. 109 бірыңғай байланыс орталығын дамыту және ЖИ жүйесін енгізу бағытында мердігер компаниямен келісімшарт жасалды.


Сапар барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жануарларды есепке алу, вакцинациялау мен ветеринариялық қызмет сапасын арттыру ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті міндеттердің бірі екеніне тоқталып, салада цифрландыруды одан әрі жандандыру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ пилоттық жобаны зерделеп, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.


Айта кетсек, соңғы жылдары ветеринария саласына ерекше көңіл бөлініп, материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен нығайтылуда. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, салаға нақты қолдау көрсетілуде. Мәселен, 2025 жылы жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңгеге 85 дезинфекциялық автокөлік сатып алынса, қосымша бюджеттен 34,4 млн теңгеге төл алу мен өнімділік көрсеткішін арттыру мақсатында 17 УДЗ сканер аппараты жеткізілді.

Бөлісу