Полиция қызметкерлері заңсыз сақталған атыс қаруларын ерікті түрде өткізген жағдайда әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтынын ескертеді.
фото: ohotagazeta.ru
ERNUR.KZ. Облыс аумағында 5 мыңнан астам қару иелері тексерілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облыстық ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2018 жылдың 30 шілдесі мен 2 тамыз аралығында Түркістан облысы аумағында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Аталмыш іс-шараны өткізудің мақсаты – облыс аумағында қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жару қондырғыларын заңсыз дайындау және заңсыз айналымымен айналысатын тұлғалар мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау, отты атыс қарумен және жарылғыш қопарғыш заттармен жасалатын қылмыстардың алдын-алу, ескерту және оларды ашу болып табылады. Іс-шара барысында заңсыз айналымнан 9 бірлік қару алынып, 13 бірлік заңсыз сақтаудағы қару ерікті тапсырылған.
Сонымен қатар, облыс аумағында 5 мыңнан астам қару иелері тексеріліп, оларда 204 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.
Аталған, «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Сайрам АІІБ тәртіп сақшылары жергілікті жердің тұрғыны өз үйінде заңсыз тегіс мылтық сақтағанын анықтады.
Сонымен қатар, қазіргі таңда аталған жайт бойынша «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлері заңсыз сақталған атыс қаруларын ерікті түрде өткізген жағдайда әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтынын ескертеді.