Соғысқа аттанған ерлер мен тылда еңбек еткен 400 ардагердің есімі жазылған.
Түркістан облысында Жеңіс мемориалы мен балалар ойын алаңы ашылды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Созақ ауданына қарасты Жартытөбе ауыл округі, Бабаата елдімекенінде Жеңіс мемориалы мен балаларға арналған ойын алаңы ашылды. Жеңіс мемориалды тақтасына осы өңірден сұрапыл соғысқа аттанған ерлер мен тылда еңбек еткен 400 ардагердің есімі жазылған.
Аталмыш жобалар ««Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ мен «Росатом» мемлекеттік корпорациясы компаниясының қолдауымен жүзеге асуда. «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы» ауданның экономикалық дамуына қомақты үлес қосып келеді.
Компания басшылары алдағы уақытта да Жартытөбе және Аққолтық ауылдарынан балалар ойын алаңдарының құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Одан бөлек, Тайқоңыр, Ақсүмбе елдімекенінде бірнеше жобаны жүзеге асырмақ. Жаңа соғылған балалар ойын алаңында әткеншек, жеңіл көліктің макеті, сырғанақтар орнатылып, балаларға барлық жағдай жасалған.
Жаңа нысандардың ашылу салтанатына Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабыл Еспенбетов, аудандық мәслихаттың депутаты Ілияс Омарбеков пен ауыл тұрғындары қатысып, жылы лебіздерін білдірді.
«Біз соғыста қаза тапқан боздақтарды еске алып, арамызда жүрген ардагерлерімізді құрметтеп, ерлік істерін ешқашан ұмытпаймыз. 400 ардагердің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында мемориалды тақта ашылып отыр. «Қазатомпром» Ұлттық компаниясына аудан халқының атынан алғысымды айтамын», – деді аудан әкімі.