Түркістан облысында жыл басынан бері 26 адам суға кеткен

0
2 162

Жыл басынан бері 24 қайғылы жағдай тіркеліп, 26 адам суға кеткен.


Түркістан облысында жыл басынан бері 26 адам суға кеткен

Түркістан облысында жыл басынан бері су нысандарында 24 қайғылы жағдай тіркеліп, 26 адам суға кеткен. Оның 14-і жасы кәмелетке толмаған балалар екен. Шымкент қаласында 4 жағдай тіркеліп, 4 адам суға батқан. Өкініштісі, оның екеуі жас балалар. Бұл көрсеткіштер статистика тілімен айтқанда былтығы жылмен салыстырғанда 13 пайызға төмен дегенді білдіреді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Өткен жылы, яғни 2017 жылы суға кетудің 34 жағдайы тіркелген екен. Дегенмен мұның өзі өкінішті статистика дейді төтеншеліктер. Алдын алу шараларын жүргізіп, ескертілгенімен суға кету фактілерінің тыйылмай отырғанының бір себебі, мас күйінде шомылу, жүзе білмеу, өз күшін дұрыс бағамдамау екен. Сондай ақ су айдындарында қараусыз қалған балалардың суға ағып кетуі, жеке құтқару құралдарын пайдаланбай балық аулау екен.

Биылғы жылы полиция мен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп төтеншеліктер 923 рейд өткізіп үлгірген. Былтыр осы уақыт аралығында 311 рейд ұйымдастырылған екен. Рейдтер барысында 86 азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылған. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің "Ортақ су пайдалану қағидаларынбұзу" бабымен 4 азаматқа ескерту берілген. "Алкоголдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу", яғни 440 бабымен 52 азаматқа ескерту беріліп, 30 азаматқа 341 510 теңге көлемінде айыппұл салынған.

2017 жылы ТЖД қызметкерлері 311 баланы суда жүзуге баулыса, биыл 665 балақайға шомылу тәсілдерін меңгертіпті. Қалалық және аудандық әкімдіктермен бірлесіп, су айдындарының қауіпті жерлерінде 439 шомылуға тыйым салу белгілерін, билборд және судағы қауіпсіздік ережелері бар белгілер орнатқан.

Түркістан облыстықжәне Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменттерімен шомылу аймағы бар демалыс орындарымен меморандум әзірленіп, қол қойылыпты.

"Қауіпсіз жаз", "Жаз. Қауіпсіздік-2018" акциялары ұйымдастырылып, "Жас Отан" жастар қанатының және "Бізбен бірге" көшбасшылар мектебінің 500-ден аса еріктілері үгіт насихат парақшаларын таратқан. Мұның барлығы тұрғындардың амандығы, қауіпсіздігі мен демалыс орындарында бейқамдыққа жол бермуі үшін жасалып жатқан жұмыстар дейді төтеншеліктер.