Түркістан облысындағы полигондардың көпшілігі талаптарға сай келмейді

0
73

50-і сенімгерлік басқаруға берілген.


Түркістан облысындағы полигондардың көпшілігі талаптарға сай келмейді

Түркістан облысында қалдықтарды қайта өңдеу жұмыстары күшейтілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының аумағында 128 қатты тұрмыстық қалдық тастайтын полигон бар. Оның ішінде 35-і аудандық болса, 40-ы ауыл округінде орналасқан. Ал 50-і сенімгерлік басқаруға берілген. Жүргізілген талдау нәтижесінде облыстағы полигондардың көпшілігі санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылып, алдағы жоспарлар мен өзекті мәселелер сараланды.


Облыс әкімі жауаптыларға аталған мәселені шешу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.


– Қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын талапқа сәйкестендіріп, оңтайландыру керек. Аудан, қала әкімдіктері сенімгерлік басқаруға берілген полигондардың міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етуі тиіс. Бей-берекет қоқыс орындарын алдын алу бағытында тиісті жұмыстарды күшейтуді тапсырамын. Жауапты басқарма полигондарды тиімді пайдалану, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша нақты ұсыныстар әзірлесін. Ал аудан, қала әкімдіктері жеке кәсіпкерлермен бірлесе отырып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруы қажет, – деген облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы осы бағыттағы жұмысты дұрыс атқармай жатқан аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтып, уәждерін тыңдады. Нақты міндеттер жүктеді.


Мәжілісте Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов 10 айдың қорытындысын баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын оңтайландыру және талапқа сәйкестендіру үшін арнайы 2024-2026 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Өткен жылы 3 полигонның құрылысына облыстық бюджеттен 598 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жоспарға сәйкес биыл полигондарды оңтайландыру арқылы 33-і жабылуы тиіс еді. Алайда аудан, қала әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыстар атқарылмаған. Сондай-ақ 29 полигонды санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкестендіру көзделген. Қазіргі таңда аудандық бюджет есебінен Арыс қаласында – 3, Шардара ауданында – 3, Созақ ауданында 4 полигонды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны – 537,7 млн. теңге.


Бұдан бөлек, қалдықтарды сұрыптайтын 7 желі, қайта өңдейтін 3 қондырғы қою көзделген. Осы бағытта Сарыағаш ауданындағы «Sadyk bereke» ЖШС «Жасыл даму» АҚ механизмі арқылы қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және инфрақұрылымды дамыту мақсатында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның жеңілдетілген қаржыландыруымен қағаз қалдықтарын қайта өңдеу арқылы жұмыртқа лотогын дайындайтын қондырғысын алуда.


«Түркістан облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары» бойынша, қалдықтардың қайта өңдеу үлесі 2025 жылға 31 пайызға жеткізу бекітілген. Биылғы жылдың 10 айымен 30%-ға орындалды. Келесі жылы қалдықтардың қайта өңдеу үлесін 33%- ға жеткізу жоспарланып отыр.


Сонымен қатар бей-берекет қоқыс орындарын жою мақсатында «Қазақстан Ғарыш Сапарының» түсірілімі нәтижесінде облыс аумағында 249 нүкте (16 ауданда) анықталып, бүгінде толық тазалау жұмыстары жүргізілген.

Бөлісу