Алдағы уақытта науқастардың амбулаториялық карталар мен анализдер төлқұжаттағы ЖСН (ИИН) арқылы анықталады.
Түркістан облысы - ERNUR.KZ. Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының мәжіліс залында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев және Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев облыстағы ақ халаттыларға семинар-треннинг өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Оған Түркістан облысы мен Шымқала ауруханаларының бас дәрігерлері қатысты. Семинардың негізгі мақсаты - денсаулық сақтау бағдарламасындағы іске асып жатқан модернизациялауды, цифрландыру жүйесіндегі жаңалықтарды бас дәрігерлерге жеткізу. Жұмыс тобына Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері, Республикалық денсаулық сақтау орталығы мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандарынан тұрады.
Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшылары, Аймақтық департамент қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің мүшелері, фармация комитеті, бас дәрігерлер мен олардың орынбасарлары екі күн бойы денсаулық сақтау саласын модернизациялау жүйесінің негізгі бағыттарымен таныс болады. Вице-министр семинар барысында министрлік басқаруындағы "Денсаулық сақтау саласын қайта жаңғырту" жобасы іске асатынын мәлімдеді. Сонымен қатар "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасы аясында 12 базалық жобаны іске асыру жоспарланған.
Вице-министрдің келтірген мәліметінше, ҚР Үкіметінің "Денсаулық сақтау саласын қайта жаңғырту" жобасының аясында алты бастама іске асырылады, олар: 2019 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу, жекеменшік медициналық мекемелер мен бәсекелестікті нығайту, денсаулық саласында бірыңғай ақпараттық кеңістік құру, дәрі-дәрмек нарығын,медциналық туризм мен импортты алмастыру, әлеуметтік маңызы бар ауруларға түсетін ауыртпалықты азайту.
Мұндай семинарларды Қазақстанның барлық аймақтарында өткізу жоспарланған. Жалпы түсіндіру жұмыстары бұған дейін Қостанай, Ақмола облыстары мен Алматы қаласында жүргізілген. Сонымен қатар осы бағытта цифрландыру жүйесі кезең-кезеңімен қолға алынуда. Электронды портал үкіметі бойынша жүкті әйелдер мен созылмалы дерті барлар ұялы телефондарына SМS алатындай мүмкіндікке ие болған. Егер олар тіркелсе әр емханаға барар алдында күні мен уақыты жазылған SМS келеді. Қазіргі кезде осы жүйе белсенділігінің арқасында Түркістан облысындағы көптеген ауруханалар мен емханаларға оңай жазылуға болады.
«Алдағы уақытта науқастар амбулаториялық карталар мен анализдерді өздерімен бірге қағаз бетінде тасымалдамайды. Бүкіл медициналық мәліметтер жеке тұлғаның төлқұжатындағы ЖСН (ИИН) арқылы анықталады. Шымкент қаласының емдеу мекемелеріне 2018 жылдың 1 сәуірінен бастап осындай электрондық қызмет енгізілді. Бұл пилоттық жоба», - деді Олжас Әбішев.