Облыс әкіміне тікелей мәселесін жеткізуге 50-ға жуық азамат келді.
Түркістан облысының әкімі тұрғындармен кездесіп, 7 сағат бойы мәселелері мен өтініштерін тыңдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласының тұрғындарынмен кездесті. Одан кейін тұрғындарды жеке қабылдап, олардың талап-тілектері мен ұсыныстарын тыңдады. Облыс әкіміне тікелей мәселесін жеткізуге 50-ға жуық азамат келді.
Жеке қабылдау барысында тұрғындар тұрғын үй алу, жерді заңдастыру, құрылыс сапасы, инфрақұрылымды жақсарту, заңсыз құрылыс, әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамтуға қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Сонымен қатар білім, денсаулық сақтау салаларына қатысты өтініштер мен ұсыныстар айтылды.
Түркістандық азаматша тұрғын үй кезегінен шығарылуына байланысты наразылығын білдіріп, қызына мемлекет тарапынан берілген пәтердің сапасына шағымданды. Өтініш иесінің атында үй болғандықтан, тұрғын үй кезегінен шығарылған. Дегенмен, бұл мәселе зерделеніп, заң аясында шешімін таппақ. Құрылыс сапасына қатысты мердігерлерге кемшілікті қалпына келтіру бойынша уақыт берілді. Тағы бір тұрғын әлеуметтік көмек көрсету және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Оған тұрғын үй заң аясында кезек реттілігімен берілетіні түсіндіріліп, әлеуметтік көмек қарастырылатындығы айтылды.
Бұдан бөлек, көпқабатты тұрғын үйлерді басқару компаниясының сапасыз жұмысы, жөндеу жұмыстарының сапасы, бейнебақылау камераларының істен шығуы, тұрғын үй аулаларын абаттандыру бойынша мәселелер айтылды. Жер телімін алу және тұрғын үйге қатысты түйткілдер де көтерілді. Сонымен қатар қабылдауға келген азаматтар жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша өз қызметтерін ұсынды, психологиялық-педагогикалық түзету орталығын ашу қажеттілігі туралы ұсыныс білдірілді.
Әрбір өтінішті мұқият тыңдаған облыс әкімі тиісті басқармалар мен жауапты мекемелерге аталған мәселелерді заң аясында жан-жақты зерделеп, нақты шешім қабылдау жөнінде тапсырма берді. Бірқатар мәселе сол мезетте шешімін тапты. Зерделеуді қажет ететін талап-тілектер заңға сәйкес қаралатын болады.
Өңір басшысы тұрғындардың ұсыныс-пікірлері өңірді дамытуда ескерілетінін атап өтіп, азаматтардың өтініштерін заң аясында қарау және жүйелі шешім қабылдау басты назарда екенін жеткізді. Сондай-ақ халықпен кері байланысты күшейту, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жалғасатынын айтты.


