Түркістан облысының әкімі «Инкай» компаниясының 30 жылдық мерейтойына қатысты

0
62

Өңір басшысы кәсіпорынның өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымымен танысты.


Түркістан облысының әкімі «Инкай» компаниясының 30 жылдық мерейтойына қатысты

Нұралхан Көшеров «Инкай» компаниясының 30 жылдық мерейтойына қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Созақ ауданына жұмыс сапарымен барып, «СП «Инкай» ЖШС-нің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты.

Өңір басшысы кәсіпорынның өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымымен танысты. Атап айтқанда, спорт кешені, асхана, демалыс аймақтары, тұрғын блоктар мен жаттығу залы көрсетіліп, компанияның қызметі мен жетістіктері туралы ақпарат ұсынылды. Сондай-ақ мерейтойға орай орнатылған арнайы монументтің ашылу рәсімі өтті. Бұдан кейін мәртебелі меймандар құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Салтанатты жиын барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров компания ұжымын мерейтоймен құттықтап, «Инкай» кәсіпорнының өңір дамуына қосқан үлесін атап өтті.

— Баршаңызды еліміздің тау-кен саласындағы маңдайалды кәсіпорындардың бірі — «Инкай» компаниясының 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өндірістік әлеуетті арттырумен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтуді тапсырды. Созақ ауданының экономикалық күретамырына айналған «Инкай» компаниясы өз міндетін абыроймен атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда. Компания мемлекетіміздің сенімді стратегиялық серіктесі ретінде өзіндік кірісті көбейтіп, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға да өз ықпалын тигізіп жүр. Әсіресе, компанияның белсенді әлеуметтік ұстанымын ерекше атап өткім келеді. Отыз жыл ішінде компания жаңа мектептер мен заманауи медициналық және спорттық нысандар салу мен жаңғыртуға, инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсетті. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл бағыттағы игі істер, соның ішінде елді мекендерді абаттандыру мен экологиялық тұрақтылықты сақтау жобалары — бизнестің халықпен етене жақындығының жарқын үлгісі. Құрметті компания ұжымы! Сіздерді айтулы мерекемен тағы да құттықтай отырып, атқарған еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын! Алдағы уақытта да «Инкай» компаниясы өзінің инновациялық қуатын арттырып, Түркістан облысының өркендеуіне, ұлттық экономиканың дамуына өзіндік үлесін қоса береді деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! — деді өңір басшысы.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, танымал өнер ұжымдары өнер көрсетті. Сонымен қатар қатысушылар арасында викториналар ұйымдастырылып, ұтысқа бағалы сыйлықтар тігілді.

Айта кетейік, «СП «Инкай» ЖШС – уран өндіру саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі. Компания 30 жыл ішінде өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да елеулі үлес қосып келеді.

Бөлісу