Кездесуде ел руханияты, ұлттық әдебиет және Түркістан қаласының түркі әлеміндегі тарихи миссиясы кеңінен талқыланды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан руханияты мен әдебиетіне үлес қосып жүрген қаламгерлермен кездесіп, пікір алмасты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан руханияты мен әдебиетіне үлес қосып жүрген қаламгерлермен кездесіп, пікір алмасты. Басқосуға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, этнограф Қасымхан Бегманов және ақын Қалқаман Сарин қатысты. Кездесуде ел руханияты, ұлттық әдебиет және Түркістан қаласының түркі әлеміндегі тарихи миссиясы кеңінен талқыланды.
Облыс әкімі мәдениет пен өнер – ұлттың рухани тірегі екенін атап өтіп, Түркістан өңірінде әдебиет пен мәдениетке қолдау әрдайым жалғасатынын жеткізді. Сондай-ақ қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдерінің қоғамдағы орны ерекше екенін айтып, олардың шығармашылығы елдің рухани дамуына серпін беретінін тілге тиек етті. Мемлекет басшысының бастамасымен өңірде ауқымды жаңғыру жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар жуырда өткен түркі мемлекеттері басшыларының бейресми саммитінде Түркістанның ортақ өркениеттің алтын бесігі, бауырлас халықтардың рухани тұғыры ретінде жоғары бағаланғанын айтты.
– Сіздерді Түркістан төрінде көргеніме қуаныштымын. Түркістан – тек қазақтың ғана емес, тұтас түркі жұртының қасиетті мекені. Қасиетті мекенде өткен түркі мемлекеттері басшыларының бейресми саммитінде Түркістанның аты ерекше құрметпен аталды. Бұл – бүкіл Алаш жұрты үшін үлкен мәртебе. Ғасырлар бойы ақындар мен жыраулар жырлаған қасиетті шаһар бүгінде жаңа дәуірдің рухани астанасына айналып отыр. Сондықтан Түркістанды дәріптеу – тарихымызды, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды ұлықтау, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында әдебиет пен мәдениетті қолдау және өңірдегі рухани іс-шаралардың аясын кеңейту мәселелері де қозғалды. Түркістан төрінде өтетін халықаралық деңгейдегі әдеби форумдар мен рухани кездесулердің маңызлығы айтылды. Өз кезегінде Мереке Құлкенов Түркістанның бүгінгі келбеті қазақ руханияты үшін үлкен қуаныш екенін жеткізді.
– Жуырда Түркістан түркі елдері үшін маңызды саммитті жоғары деңгейде өткізді. Қуандық, сүйсіндік. Түркістан – ұлттың рухани тірегі. Бұл қалада тарихтың үні мен бабалардың ізі бар. Соңғы жылдары Түркістанның жаңарған келбеті күллі қазақ елінің мерейін өсірді. Мұнда руханиятқа деген ерекше жанашырлық бар екенін көріп отырмыз. Әдебиетке қолдау көрсету – ұлттың болашағына қолдау көрсету деген сөз, – деді ол.
Ал Қасымхан Бегманов көне шаһарды Алаш жұртының жүрегі деп бағалап, Түркістанның қасиеті ғасырлар бойы жырланып келе жатқанын айтты.
– Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Тұрақты түрде жаңалықтарды бақылап, қуанып жүреміз. Игі істерді үйлестірген облыс басқылығына, азаматтарға алғысымды айтамын. Түркістан туралы жырламаған ақын, толғамаған ойшыл кемде-кем. Себебі бұл мекен – рухтың мекені. Бүгінде бүкіл түркі дүниесі Түркістанға айрықша ықыласпен қарап отыр. Түркістан – тарихтың ғана емес, болашақтың да қаласы. Бүгінгі Түркістан – жаңарудың, жаңғырудың символы. Қаламгерлерді арнайы қабылдап, руханиятқа қолдау көрсеткеніңіз үшін рахмет, – деді қаламгер.
Кездесуде қазақ әдебиетін дамыту, ұлттық құндылықтарды насихаттау, тарихи мұраны дәріптеу бағытындағы бірлескен жобалар талқыланды. Сондай-ақ Түркістанның халықаралық мәдени-гуманитарлық орталық ретіндегі рөлін күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысында зиялы қауым өкілдері өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, Түркістанның рухани дамуына бағытталған бастамаларға сәттілік тіледі.


