Түркістан облысының әкімі кезекті рет жеке қабылдау өткізді

0
746

Қабылдау қорытындысында аудан, қала әкімдеріне, тиісті басқармалардың басшыларына нақты тапсырмалар берді.


Түркістан облысының әкімі кезекті рет жеке қабылдау өткізді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кезекті рет жеке қабылдау өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен аймақтағы құқық қорғау мекемелері мен департаменттердің басшылық құрамы, басқарма басшылары облыс тұрғындары үшін кезекті жеке қабылдау өткізді. Әрбір тұрғын басшылармен тікелей тілдесіп, мәселелерін ортаға салды. Әрбір сұраққа әкім толыққанды жауап беріп, тыңғылықты түсіндірді. Қабылдау қорытындысында аудан, қала әкімдеріне, тиісті басқармалардың басшыларына нақты тапсырмалар берді.


Жеке қабылдауда тұрғындар тарапынан инфрақұрылымды жақсарту, электр жарығы, жер, әлеуметтік қолдау және өзге де түйткілдер бойынша өтініштерін айтты. Облыс әкіміне, түрлі сала басшыларына тікелей келіп, арыз-шағымдар мен ұсыныстарын жеткізді. Әрбір өтініш хаттамаға тіркелді, жұмыс жүргізіледі.


Атап айтқанда, арыстық азамат ауыл шаруашылығына несие беруді сұраса, енді бірі баспана сұрап келді. Жетісайлық тұрғын жұмыспен қамту, жер мәселесі, жеке кәсіпкерлерге мемлекеттен ақша бөлу мәселелерін қозғады. Келес ауданынан келген азамат «Ақылбексай» су қоймасында балық шаруашылығын дамыту туралы ұсыныспен келді. Мәселе қарастырылатын болды.


Сонымен бірге қабылдауда елде қойылып жатқан ескерткіштердің заңдылығын анықтау, жарыққа шығып жатқан оқулықтарды жан-жақты бақылауға алу бойынша ұсыныстар айтылды.


«Бүгін сіздермен жүздесіп, өтініштеріңізді тыңдау үшін арнайы келдік. Департаменттер, басқармалар мен құқық қорғау мекемелерінің басшылық құрамы да осында. Ойларыңызды еркін айтып, мәселені талқылауға болады. Өтініштердің бәрі бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен ашықтық қағидатына сәйкес қоғамен байланысты нығайту жұмыстары жалғасады. Барлық мәселені әкімдік қызметкерлері мен құзырлы органдар бірлесе зерделеу жұмыстарын жүргізіп, заң аясында шешім қабылдайды», – деді Дархан Сатыбалды.


Жалпы өңір басшысының аймақтардағы кездесулерінде тұрғындар ортақ, елдік мәселелерді қозғап келеді. Әсіресе, инфрақұрылым бойынша өтініштер жиі тіркеледі. Тұрғындардың сұранысы ескеріліп, аймақтарда осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Түйткілді мәселелер қозғалған қабылдау соңында аймақ басшысы тұрғындар қойған талап-тілектердің орынды екендігін айтып, көтерілген мәселелерді өз қадағалауында ұстайтынын жеткізді.


Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің аудан, қалаларында тұрақты түрде жеке қабылдау өткізіп келеді. Тұрғындар тарапынан айтылған өтініш пен ұсыныс-пікірлер негізінде хаттамалық тапсырмалар берілді. Нәтижесінде, туындаған мәселелердің басым көпшілігі тиісті мамандар арқылы заң аясында шешімін табуда.