ТҮРКІСТАН: Өңірде шегірткеге қарсы күрес жұмыстары қарқын алды

0
125

Бүгінгі күнге дейін марокколық шегіртке дернәсілдеріне қарсы 546 451 гектар жер зерттелген.


ТҮРКІСТАН: Өңірде шегірткеге қарсы күрес жұмыстары қарқын алды

Түркістан облысында фитосанитариялық ахуал мен өзекті мәселелерді шешу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында фитосанитариялық ахуал мен өзекті мәселелерді шешу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Болжам орталығының мәліметінше, бүгінгі күнге дейін марокколық шегіртке дернәсілдеріне қарсы 546 451 гектар жер зерттелген. Оның ішінде 176 473 гектарда зиянкестің таралуы экономикалық зияндылық шегінен асқаны анықталған. Қазіргі уақытта шегіртке қоныстанған 7 ауданда тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Зерттеу нәтижелері бойынша Ордабасы, Шардара, Бәйдібек, Сауран және Қазығұрт аудандарында нақты іс-шаралар қолға алынған.

Осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков арнайы мәжіліс өткізді. Жиынға Сарыағаш, Жетісай, Арыс, Келес аудандарының басшылары мен салаға жауапты мамандар қатысты. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – облыстың фитосанитариялық жағдайы. Баяндамаларға сәйкес, Арыс қаласы аумағында аса қауіпті секторлар тіркелмеген. 11 сектордың жағдайы тұрақты бақылауда, ал 6 сектордың қауіптілік деңгейі төмен деп бағаланған. Келес ауданында 6 сектор бойынша жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды. Сонымен қатар 13 секторда химиялық өңдеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Сарыағаш ауданында зерттелген алқап көлемі 111 200 гектарды құрайды. Оның ішінде 46 720 гектарда үйірлі шегіртке экономикалық зияндылық шегінен асқан. Осыған байланысты 22-секторға қосымша күш жұмылдыру қажеттігі атап өтілді. Қалған 17 секторда жағдай тұрақты.

Жиында қаралған екінші маңызды мәселе – көмірмен жылытылатын жылыжайлардың жылыту жүйелеріне сүзгілер орнату. Бұл бағытта басқарма тарапынан Сарыағаш аудан әкімдігі, Жылыжай қауымдастығы өкілдері және қоғам белсенділерінен құралған арнайы жедел жұмыс тобы құрылған. Топтың негізгі міндеті – шаруаларға экологиялық талаптарға сай, тиімді сүзгі түрлерін анықтап, ұсыну. Қазіргі таңда сүзгілерді сынақтан өткізу жұмыстары басталған.

Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу барысында туындаған өзекті мәселелер де кеңінен талқыланды. Жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалу мерзімдері белгіленді.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары аудан басшыларына шегіртке зиянкесіне қарсы күрес жұмыстарының сапасын жеке бақылауға алуды тапсырды. Әсіресе, анықтаушылар санын көбейту, техникаларды секторлар арасында тиімді үйлестіру және жедел әрекет ету шараларын күшейту қажеттігіне баса назар аударды. Барлық берілген тапсырмалар нақты мерзімдермен бекітіліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынған.

Бөлісу