ТҮРКІСТАН: Өңірдегі жауын-шашынға “жасанды жаңбыр” жобасының қатысы бар ма?

0
85

Аталған бағыт климаттық және атмосфералық факторларға тәуелді болғандықтан, тәжірибелік жұмыстар жалғасып жатыр.


ТҮРКІСТАН: Өңірдегі жауын-шашынға “жасанды жаңбыр” жобасының қатысы бар ма?

«Қазгидромет» мамандары Түркістан облысындағы табиғи құбылысты ауа-райы циклонымен байланыстырып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өңірдегі ауа-райының жауын-шашынды болуына «Жасанды жаңбыр» жобасының қатысы жоқ. «Қазгидромет» мамандары бұл табиғи құбылысты ауа-райы циклонымен байланыстырып отыр.

Ал «Жасанды жаңбыр» жобасы Мемлекет басшысының жаңа технологияларға бетбұрыс жасау бойынша берілген тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің бастамасымен қолға алынған. Жасанды жаңбыр технологиясы арқылы құм көшуінің алдын алуға, су ресурстарын тиімді пайдалануға және ирригациялық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге жаңа мүмкіндіктер ашылады.

Жобаны пилоттық негізде қолданысқа енгізу үшін Түркістан облысы таңдалды. Себебі бұл өңірде соңғы жылдары құрғақшылық жиілеп, су тапшылығы артты, шөлейттену қаупы күшейді.

Жасанды жаңбыр технологиясы арқылы шөлейтті аймақтардағы құм көшуінің алдын алу, суармалы егіншілікке қажетті су ресурстарын тиімді пайдалану және Жетікөл (Шошқакөл) көлдер жүйесінің экологиялық тепе-теңдігін сақтау көзделеді. Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының «Тұран су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Қазыбек Бедебаевтің айтуынша, 17-мамырдан бүгінге дейін барлығы 4 әуеге ұшу жүзеге асырылды. Оның ішінде Созақ ауданындағы Жуантөбе-Тасты аумағында 3 нүктеге және Қызылқұм даласы бағытына арнайы реагенттер шашылды. Аталған бағыт климаттық және атмосфералық факторларға тәуелді болғандықтан, тәжірибелік жұмыстар жалғасып жатыр.

Реагенттердің бұлтқа әсер ету аумағы (диаметрі) 5 шақырымға дейінгі қашықтықты ғана қамтиды. Яғни, Оңтүстік өңіріндегі жауын-шашындарға бұл жобаның мүлдем қатысы жоқ. Аталған аумақтарда атмосфералық ылғалдылықты арттыру, жердің ылғал балансын тұрақтандыру, құм көшу процесін бәсеңдету және экологиялық жағдайды жақсарту үшін сынақтар қайта жүргізіледі. Жүргізілген жұмыстардың нәтижелері тұрақты бақылауға алынып, метеорологиялық көрсеткіштер сараланды.

Жоба бойынша мемлекеттік бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Аталған жұмыстар Біріккен Араб Әмірлігінің мамандары тарапынан тәжірибе алмасу және ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату мақсатында жүзеге асырылып жатыр.

Жоба достық және халықаралық әріптестік аясында ұйымдастырылып, барлық шығындар Біріккен Араб Әмірліктері тарапынан қаржыландырылады.

Бөлісу