Түркістан өңірін өркендетуге ғалымдар үлес қосады

0
182

Облыс әкімі өңірдің даму әлеуетімен таныстырып, бұл істе ғалымдардың да қосарүлесі мол екеніне тоқталды.


Түркістан өңірін өркендетуге ғалымдар үлес қосады

Түркістан облысының әкімі ғалымдармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов бастаған ғалымдармен кездесті. Кездесу барысында ғылымның жетістіктерін өндірісте, өңір экономикасын дамыту ісінде қолдану, әріптестік орнату және өзге де мәселелер талқыланды. Облыс әкімі өңірдің даму әлеуетімен таныстырып, бұл істе ғалымдардың да қосарүлесі мол екеніне тоқталды.


– Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанға қош келдіңіздер! Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясы – еліміздің инженерлік ғылымы мен тәжірибесін дамытуда маңызды рөл атқаратын беделді орталық. Сіздердің тәжірибелеріңіз, ғылыми-өндірістік бағыттағы қызметтеріңіз өңірлік деңгейдегі даму стратегияларымен тығыз байланысты екеніне сенімдімін. Бүгінде Түркістан облысында жүйелі жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бері жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Өңір экономикасы тұрақты өсіп келеді. Басты мақсатымыз – халқымыздың әл-ауқатын жақсарту, табысын арттыру. Осы бағытта жаңа инвестициялық жобаларды іске асырып, өндіріс орындарын дамытып, жұмыс орындарын ашып отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлерде ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осыған байланысты облыс әкімдігі жанынан ғылыми кеңес құрылып, жұмысын бастап кетті. Түркістан облысы сіздердің тәжірибелеріңіз бен ғылыми бастамаларыңызға қолдау көрсетеді. Облыс аумағында техногендік минералдық түзілімдер сақталған қалдық қоймалары бар. Осы қалдықтарды зерттеу, кәдеге асыру бағытында бірлесе жұмыс істеуді ұсынамыз. Инженерлік академиямен өзара тиімді әріптестік орнатуға дайынбыз. Сіздермен бірлескен жұмыстың нәтижесінде облыс аймағында кәсіби кадр даярлау ісін жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.


Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов Түркістан өңіріндегі жұмыстарды жоғары бағалады. Өңірді зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының Оңтүстік өңір бойынша вице-президенті, Түркістан филиалының төрағасы Әлімжан Құртаев тек пайдалы қазбалар мен өндіріс емес, ауыл шаруашылығы саласында да бірлескен жобаларды жүзеге асыруға болатынын атап өтті. Сонымен бірге делегация құрамындағы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері де өз пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді.

Бөлісу