Түркістан өңірінің даму динамикасына жоғары баға берілді

0
144

Экспорт көлемі соңғы үш жылда 42 пайызға өсіп, 1,8 млрд АҚШ долларына жеткен.


Түркістан өңірінің даму динамикасына жоғары баға берілді

Түркістан қаласында Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің он төртінші кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиынды Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Байділдә Жылқышиев жүргізді. Кеңейтілген отырысқа облыс әкімдігі өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, басқарма басшылары, мәслихат депутаттары және сала мамандары қатысты. Күн тәртібінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, цифрландыру, көлік инфрақұрылымы және қоғамдық маңызы бар өзекті мәселелер қаралды.

Жиын барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің даму басымдықтары мен алдағы міндеттерге тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен елімізде ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Соңғы жылдары «Ауыл аманаты», «Ауыл – Ел бесігі» және өзге де жобалар арқылы халықтың көкейіндегі біраз мәселе шешімін тапты деп ойлаймын. Ауыз су, инфрақұрылым, газ, электр, жол мәселелері де шешіліп келеді. Бүгінгі мәжілісте экономикалық дамуға басымдық беріп отырмыз. Себебі барлық мәселе қаржыға, экономикаға барып тіреледі. Біз ең алдымен өзін-өзі толық қамтитын өңірге айналуымыз керек. Ел Президенті шикізат шығарушы ғана емес, терең өңдеу саласы дамыған елге айналу міндетін жүктеді. Осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Импортты алмастыру бағытында зерттеулер жүргізіп, нақты жоспарлар жасадық. Өндірістік парктер салынып жатыр. Бұл парктер енді аудан, қала ғана емес, ауылдарға да салынады. Ауыл шаруашылығында да жаңа технологиялар, тың тәсілдер енгізіліп жатыр. Ең бастысы – бізде еңбекқор халқымыз, барлық саланы дамытуға қолайлы жағдай, мүмкіндік бар. Әкімдік, мәслихат, қоғамдық кеңес, кәсіпкерлер, жалпы ел болып бірлесе жұмыс істесек, Түркістан облысын көшбасшы өңірге айналдыра аламыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша баяндама жасап, инвестиция тарту, өндірісті дамыту және экономиканы әртараптандыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру және инвестиция тарту бойынша нақты міндеттер жүктеген. Осыған сәйкес облыс әкімінің тапсырмасымен өңір экономикасына терең талдау жүргізіліп, әр аудан мен қаланың экономикалық ерекшелігі, шикізаттық әлеуеті, өндірістік мүмкіндігі, импортқа тәуелділігі мен ішкі нарық сұранысы жан-жақты сараланған.

Осы жұмыстар арқылы 2025 жылы облыстың сыртқы тауар айналымы 3,5 млрд АҚШ долларына жетіп, өсім 34,6 пайызды құраған. Экспорт көлемі соңғы үш жылда 42 пайызға өсіп, 1,8 млрд АҚШ долларына жеткен.

Шикізатты терең өңдеу және қосымша құны жоғары дайын өнім шығару бағытында нақты шаралар қабылданды. Импорт құрылымын талдау нәтижесінде 154 млн АҚШ долларына дейінгі тауарларды өңір ішінде өндіруге мүмкіндік бары анықталды. Импортты алмастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба іске қосылған. Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Lihua» компаниясының жіп иіру фабрикасы, «QazLaminat» ламинат зауыты, «Er Qan» бір реттік ыдыс-аяқ өндірісі және «QazEcoPack» скотч шығаратын зауыты жұмысын бастаған. Сонымен қатар Сауран ауданында «Жасыл Суық Қазақстан» тоңазытқыш өндірісі, Шардара ауданында жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» зауыты, Түлкібас ауданында RC Cola брендімен түрлі-түсті сусындар шығаратын «Beibars Bottlers» кәсіпорны, ал Кентау қаласында «Turan Shenhua» газ қазандықтары өндірісі іске қосылған.

Бұдан бөлек облыста John Deere және Lovol ауыл шаруашылығы техникалары мен дрондар өндірісі, бояу-әрлеу, тігін, төсек-жайма және джинс маталарын шығаратын фабрикалар, карбамид, биологиялық қоспалар мен витаминдер өндіретін зауыттар, сондай-ақ ірі қара мал сүйегінен май мен пептон компоненттерін өндіретін кәсіпорындар секілді импорт алмастыруға бағытталған жалпы құны 280 млрд теңгені құрайтын 39 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Инвесторларды қолдау мақсатында инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген өндірістік алаңдар қалыптастырылған. Арнайы экономикалық аймақта 881 млрд теңгеге 98 жоба жүзеге асырылып, 7663 жұмыс орны ашылған. Индустриялық аймақтарда 124 млрд теңгенің жобалары іске асырылып, 6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.

Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында 29 өндірістік алаң құрылып, жалпы 275 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта 227 млрд теңгенің жобалары іске асырылып, 5 879 жұмыс орны құрылуда.

Инвестиция тарту жұмыстарының нәтижесінде 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеге жетіп, өсім 121,6 пайызды құрады. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2 млрд АҚШ долларын құрап, жоспар артығымен орындалды. Өткен жылы 58 жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 67 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Биылғы алғашқы 4 айда облыстың қысқа мерзімді экономикалық өсімі 125 пайызды құрап, республика бойынша бірінші орынға шықты. 2026-2029 жылдарға жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылған. Бұл жобалар нәтижесінде 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ алдағы 5 жылда жалпы өңірлік өнім көлемін 2,6 есеге арттыру, ал өзіндік кірістерді 2,3 есеге ұлғайту жоспарланған. Атап айтқанда, 2025 жылғы 5,1 трлн теңгелік көрсеткішті 2030 жылға қарай 13 трлн теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Соның нәтижесінде республикалық бюджетке тәуелділік 40 пайызға дейін төмендемек.

Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелері өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму қарқынының артып келе жатқанын атап өтіп, ашықтық пен қоғамдық бақылауды күшейтудің маңыздылығын жеткізді.

Бөлісу