ТҮРКІСТАН: Өңірлік кадрлық резервке іріктеудің қорытынды кезеңі аяқталды

0
291

Алғаш рет өтіп жатқан бұл бастама жас менеджерлер пулын қалыптастыруға және мемлекеттік қызметке дарынды жастарды тартуға бағытталған.


ТҮРКІСТАН: Өңірлік кадрлық резервке іріктеудің қорытынды кезеңі аяқталды

Түркістан облысында өңірлік кадрлық резервке іріктеудің қорытынды кезеңі аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Еліміздің барлық өңірлерінде өңірлік кадрлық резервке іріктеу жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұйымдастырылған Өңірлік кадр резервінің «Құрылымдық сұхбат» кезеңі аяқталды.


Алғаш рет өтіп жатқан бұл бастама жас менеджерлер пулын қалыптастыруға және мемлекеттік қызметке дарынды жастарды тартуға бағытталған. Іріктеуді облыстың кадр комиссиясы жүзеге асырады. Жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты болған сайысқа 600-ден астам адам құжат тапсырған. Маңызды жобаны Түркістан облысының әкімдігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті бірлесіп өткізді. Құрылымдық сұхбатқа өңірлік кадр комиссиясының төрағасы, облыс әкімі Дархан Сатыбалды төрағалық етті.


Екі күнге жалғасқан іріктеудің қорытындысымен 50-ден астам үміткердің ішінен үздік деп танылған 30 жас өңірлік резерв құрамына қабылданады. Өңірлік резервте болу мерзімі - 2 жыл. Олар жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына конкурстық іріктеусіз орналаса алады. Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді және 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатысты.


Сұхбатқа қатысқан кандидаттар таңдаған салалық бағытына сәйкес дайындаған жобаларын таныстырды. Жобаның мақсатын, мазмұнын, күтілетін нәтижесін, экономикалық-әлеуметтік тиімділігін айтып, қорғады. Комиссия мүшелері тарапынан туындаған сауалдарға жауап берді. Үміткерлер денсаулық сақтау саласын дамытып, ардагерлер үйлерін модернизациялау, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасаудың жаңа жолдарын ұсынды. Халықтың табысын арттыру жолдарын, тарихи құндылықтарды сақтау тәсілдерін таныстырып, төлем саласын цифрландырудың жаңа жолдарын көрсетті. Жасанды интеллектінің көмегін пайдаланудың қыр-сыры мен әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарымен бөлісті.


Сондай-ақ іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында кандидаттармен сұхбаттасу кезеңінде қоғамдық ұйымдардың өкілдері, әр түрлі салалар бойынша сарапшылар қатысты.